Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен жібек кластерін дамытудың жол картасы әзірленіп, шаруаларға несие беру бағдарламасы бекітілді. Осы ретте Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың бастамасымен ауданда тұт өсіру арқылы жібек құртын өндіру ісі қолға алынып, өткен жылы көршілес Өзбекстан елінің Андижан қаласынан әкелінген жапондық «Ашима» сортының алғашқы 10 мың данасы егілген болатын.
Биыл да бұл жұмыс жалғасын тауып, жібек кластерін дамыту мақсатында тұт ағашатарын отырғызуға болатын ауданның теңгеріміндегі 31,8 гектар жер қарастырылып отыр. Жібек өндірісін дамытуға қызығушылық білдірген 6 кәсіпкер анықталып қолдағы 52 гектар жердің бүгінгі таңда 25 гектар жеріне тұт егу жұмыстары жүргізілуде. Аудан басшысы бекітілген жұмыс кестесі аясында егістік алқапта болып, мамандармен жүздесті.
Мамандар тұт ағашын егу арқылы отбасылық кәсіп ашып, табиғаты қолайлы өңірде 1 гектар жерге егілген тұт ағашының жапырағынан 2 млн теңгеге дейін, ал жібек құртын өсіру арқылы 1 гектар баудан 4,5 млн теңгеге дейін пайда табуға болатынын айтады. Егер бұл өлкеде осы кәсіп жаппай қолға алынатын болса өнімдерді Шығыс Еуропа мен Оңтүстік Кореяға, Қытайға еш кедергісіз сатуға болатынын алға тартады.
«Жібек – жібек құртынан өндіріліп, тоқыма-мата өнеркәсібінде пайдаланылатын табиғи талшық. Оны өндіру – аудан экономикасын ары қарай дамытуға мол септігін тигізеді. Өндірілген өнімнің келісін көршілес Өзбекстандық инвесторлар 600 теңгеге дейінгі бағада сатып алатындықтарын айтуда. Табысымызды тек мақта немесе бақша өнімдерімен байланыстырмай, тұт егу арқылы жібек өндіріп арттыруға да болады» деген аудан басшысы бұл жұмыстардың алдағы уақыттарда да тоқтаусыз жалғасатынын айтады.
Айта кетейік, бұған дейін де отандық және Өзбекстан елінен шақырылған тұт шаруашылығы мамандары жергілікті шаруалармен бірнеше рет кездесулер мен семинар-кеңестер өткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізуінің нәтижесінде ауданында жібек кластерін дамытуға арналған жалпы жер қоры 83,8 гектарды құрап отыр.