Ұлттық дәстүрді дәріптеп жүрген кәсіпкер Экономикаға өндірте үлес қосатын кәсіпкерлік саласына бүгінде көптеп көңіл бөлінуде. Ол үшін үкімет тарапынан көптеген бағдарламалар қолға алынып, көмек берілуде. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант алғандар қатары көбейіп келеді. Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданында да аталған бағдарламаның игілігін көріп отырғандар жетерлік. Аудан бойынша 180 азаматқа қаржылай несие берілу жоспарланған. Дегенмен, 181 тұрғын оқуды онлайн түрде аяқтап, нәтижесінде 78 адам бизнес идеяларды іске асыруға арналған қаражатқа қол жеткізген. Олардың қатарында 85 грант иегері — аз қамтылған отбасы құрамынан, 7 -мүгедек санатына жататындар мен 58 жас кәсіпкер бар. Грант иегері атанғандар түрлі кәсіптің құлағынан ұстағандар. Бірі жеңіл өнеркәсіпте, бірі ауыл шаруашылығына ден қойған. Солардың ішінде аудан жұртшылығының құрақ көрпе, қыз жасауы деген дүниелерге сұранысын қанағаттандырып жүрген 24 жастағы кәсіпкер бар. Бүгінде қазақы оюмен нақышталған қыз жасауын арнайы тапсырыс арқылы жасатуды дәстүрге айналғаны белгілі. Оның ішінде көрпе жастық, құрақ көрпеге, жастыққа дейін қазақы ою салынып, әдіптеледі. Көз жауын алатын қыз жасауын жасау да оңай емес әрине. Он қолдан өнер тамған шебер ғана бұл кәсіптің тұтқасын ұстайтыны баршаға мәлім. Дей тұрғанмен, сапалы жасауды, жауапкершілікті қажет ететін, көздің майын алатын кәсіп», – дейді түлкібастық Гүлнұр. Бас бармағы майысып іс тіккенді ұнататын кәсіпкер Гүлнұр Басымбек Түлкібас ауданы Кемербастау ауылында тұрады. Бүгінде 3 баланы жалғыз асырап отырғанын жасырмайды. Алғашында әлеуметтік көмек алып жүрген жас анаға, қолынан іс келетінін байқап, бағдарламаға қатысуға кеңес берген. Ал, тігін саласына келуіне анасының қара мәшинесі сеп болған екен. Бастапқыда тума-туыстың кішігірім тігін жұмыстарын алып, қиыншылықтан күнделікті табыс табуды мақсат еттім, деп еске алады өткен күндерін жас кәсіпкер. «Жас болдым, жоғарғы оқу орнын бітіргем, қолымда дипломым болса да бала, үй тіршілігімен жұмыс істеуге мүмкіндік болмады. Тұрмысқа шыққалы үй шаруасымен айналысып жүрдім. Мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмекке құжат өткізіп, бұйырған қаражатты алып жүрдім. Содан бір күні өз ауылымыздың әкімдігінде жұмыс жасайтын танысым, менің тігу өнерімнің бар екенін біліп дереу маған «Еңбек» бағдарламасына қатысуға кеңес берді. Ол үшін белгілі бір кәсіпке арналған жоспар жасап қажетті құжаттар тізімін өткізсем жеткілікті екенін айтты. Ойда жоқта мақсатым айқындалып шыға келген мен қуанып кеттім. Көп уақыт жоғалтпай осы бағдарламаға қатысамын деп шештім. Ниетіме сай, ойлағаным оңынан болып қайтарымсыз грант иегері атандым. Осы кезде жолдасыммен ажырасып, өз төркінімде жүрген едім. Ата-анамнан қысылып, мойындарына салық салмайын деп үйдегі анамның ескі мәшинесімен тігінге кішігірім тапсырыс қабылдап жүрген кезім болатын. Бастапқыда бұл салаға, бұл ойға келуіме анамның демеуі ерекше болды. Ол кісі маған барынша өз білгенін үйретіп, қателігімді түзеп менің аяқтан тұруыма қолғабыстық танытты. Анамның қара мәшинесі бүгінде жаңа мәшинеге айналды. Мемлекеттің қолдауының арқасында грант қаражатын алған соң екі тігін мәшинесін және шеберханаға қажетті жиһаз сатып алдым. Жаңа тынысым ашылғандай, жұмыс істеуге деген құлшынысым артты. Үйден тапсырыс қабылдап отырған кәсібімді мемлекеттен алған ақшаға кеңейтіп орталықтан тігін шеберханасын аштым. Екі ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып, оларға жалақы төлеп отырған жайымда да бар қазір. Менің шеберханамда негізі қыз жасауын жасаумен айналысамыз. Қазіргі заман талабына сай әртүрлі сәндік үлгіде, дәстүрімізге сай қызға арналған көрпе-төсек, жабындылар жасау біздің басты ісіміз. Қазақи нақыштағы ою өрнекпен тапсырыс берушілер қазір көп. Талғамдары жоғары екенінде ұмытпау керек олардың. Мысалы мен айына кемі екі қыздың жасауын жасап беремін. Ол шамамен бір жұмыстың күрделілігіне орай 180-320 мыңның аралығында болады. Көз майыңды тауысып, шұқшиып отырып, жасаған, шын ынта жігермен жасамасаң тапсырыс берушінің көңілінен шығу шықпауы да екі талай. Қолымыздан шыққан дүниелерге алғыс айтып ризашылықтарын білдіріп жатқандар көп. Жасаған жұмысыма қарай тапқан табысыма да көңілім толады. Шеберханамды ашпай тұрғандағы менің айлық табысым 30-мыңнан әрі асқан емес еді. Өз кәсібімнің иесі ғана емес жұмыс берушідемін. Болашақ өмірдің баспалдағын басқалы тұрған жас қалыңдықтардың жасауын жасау да игілікті іс. Қуанышқа жасалып жатқан дүниеге алғысын жаудырып алып кететіндер көп» , — деп өз ойымыен бөлісті кәсіпкер. Кәсіпкер қыз жасауынан бөлек киім, перде тігумен де айналысады. Нағыз ұстаның қолынан шыққан дүниеге сапалылығы үшін рахмет айтатындар басым. Тігіске қатысты тапсырыстары болса Гүлнұрдың шеберханасына ат басын бұратындардың қатары қалыңдаған бүгінде. Ұлттық салт дәстүрді сақтап, ғасырларға жалғасуына көптеп тер төгіп жүрген Гүлнұрдың ісі расында жанкешті еңбек. Алдағы уақытта тапсырыстар көбейсе жұмысшылар қатарын көбейтсем деген де жоспары бар.