Сапалы өнімге сұраныс көп Кәсіпкерлік — ерекше экономикалық құбылыс. Әлеуметтік-экономикалық құбылыс ретінде кәсіпкерлік күптеген қоғамдық қатынастарды қамтиды. Меншікке экономикалық және заңдық категория ретінде ғылыми тұрғыдан талдау жасау кәсіпкерлікті рыноктық шаруашылықтың ажырамас элементі екендігін дәлелдеп отыр. Жалпы кәсіпкерліктің тарихы талай ғасырларды қамтиды, дегенмен қазіргі түсініктің орын алуы капитализмнің қалыптасу және даму даму кезеңіне сай келеді. Адамның жасағанын адам жасай алады. Демек кәсіпкерлікке кез-келген адам бағын сынап көруге болады. Ол үшін бүгінде мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдайда есеп жоқ. Тек көзін тапсаң болғаны. Қай нәрсенің құлағынан ұстасаң да нәтижелі етіп істесең болғаны. «Жұмыспен қамту орталығына» қарасты жұмыс берушiлер мен жұмыс жасау бөлiмiнiң бас маманы Бағила Ибрагимованың ұйымдастыруымен Түркістан облысына қарасты Шардара ауданы бойынша 2021 жылы «Еңбек» мемлекеттiк бағдарламасының шеңберiнде республикалық бюджеттен жеке кәсiп ашу мақсатында 583400 теңге көлемiнде грант ұтып алған жас кәсiпкерлердiң жұмыс барысымен танысуға арнайы тур ұйымдастырған болатын. Кәсіпкерлік саласына енді ғана табан тіргене жас кәсiпкерлердiң еңбегiн бағалап, жасаған жұмыстарына тәнтi болғандардың қатарында аудандық қоғамдық келiсiм кеңесiнiң төрағасы Қыстау Iлесов, аудандық мәслихат депутаты Дәулет Бектасов, осы басылымның бас редакторы Сәбит Лахановтар болды. Республикалық гранттың иелерi – жартылай дайын фабрикат тағамдарын ашқан Қалия Жолдасова, кондитерлiк өнiмдер бойынша Шолпан Нұранқызы, наубайхана ашқан Еркебұлан Әбiл, шаштаразшы Қуаныш Бекбенбетов, кондитер цехы Әсел Мүйтеновалар бүгiнгi күнi өз кәсiптерiн дөңгелетiп отырған жас кәсiпкерлер. Мемлекеттiң берген қаржысын дұрыс, тиiмдi пайдаланып, өз кәсiптерiнiң жемiсiн көрiп отырған жайлары бар. Тез дайындалатын тағамдарға бүгінде сұраныс артқаны белгілі. Жұмыстан шыққан соң тамақ пісіріп отыруға көбісінің уақыты тапшы. Сондай кезде Шолпанның жартылай дайын фабрикат тағамдары көмекке келеді. Дәмі тіл үйіретін дәмді тағамдарын бір алған тұтынушы қайтып айналып келуге құмбыл. Өйткені дәмді етіп жасалынған өнімге қай кезде де сұраныстың толастамайтыны ақиқат. Ал Ерекбұлан Әбілдің наубайханасынан шыққан нанның иісі атырапты алып кетердей. Күнделікті дастарханнан табылатын ас атасына сұраныс ешуақытта да бәсеңсімейтіні тағы анық. Әсел Мүйтенованың кондитерлік өнімдеріне сұранысты аттырып отырғандар да жергілікті тұрғындар. Күнделікті тәттілерді алғаннан бөлек қонақ шақырғанға арнайы тапсырыспен алдыратындардың қатары да қалың. Жас кәсiпкер Шолпан Нұранқызы өзінен кейінгі жастарға «Ешқашанда ақшаны алдыңғы орынға қоймаңыз. Ең бастысы – жүрек қалауы, сосын ниет. Жүрек қалауымен жаалған кез келген дүние сапалы шығады. Бүгінгі тұтынушы талғампаз. Тек қана сапалы өнімді тұтынады. Сондықтан да өнімді бір тұтынған адам сіздің тұрақты клиентіңізге айналады. Бiр тиыныңыз болмаса да жүрегiңiз қалап тұрса, Құдай өзi қиыннан қиыстырады. Кәсiптегi басты ереже – адал жұмыс жасау. Ешкiмнiң ақысын жемеңiз» дейдi. Бүгінгі заман – кәсіптің заманы. Тек тәуекел етіп бастап кетсеңіз болғаны. Шын ниетпен басталған істің нәтижесіз болмауы мүмкін емес. Сол үшiн де кәсiп ашамын, кәсiпкер боламын десеңiздер мемлекет тарапынан көрсетiлетiн көмек пен қолдау өте көп. Мүмкiндiктер де аз емес. Кәсіп бастаймын, пайда табамын, нанымды адалдап жеймін деген адамға мүмкіндік көп. Жастық жалыны жалындап тұрған шақта, мемлекет қолдап тұрған шақта мүмкіндікті пайдаланып қалған жөн. Отанымыздың өркендеуі үшін, экономикамыздың қарыштап дамуы үшін сен де үлес қоса аласың жас кәсіпкер!