Бабын тапсаң бал арасы нағыз табыс көзі Біраз жылдан бері ара шаруашылығымен айналысып келе жатқан Алмахан Нұрболат ауылдағы шағын бизнестің шырайын келтіріп отыр. Тәтті өнімді табыс көзіне айналдырған кәсіпкердің өніміне сұраныс жоғары Жалпы бүгінде Түркістан облысы, Жетісай ауданы шағын және орта бизнестің құлағын ұстағандар көбейіп келеді. Бизнеске ынталы азаматтардың қатары күн санап артуда. Басым бөлігі мемлекет тарапынан берілетін көмек, яғни жеңілдетілген несие, гранттар арқылы кәсібін дөңгелетсе, енді кейбірі өз қаржысына бизнесін бастап кетті. Мұның барлығы аудан халқының әлеуметтік тұрмысының жоғарылап келе жатқанын аңғартады. Әсіресе, ауылда ағайынның жұмыссыздық деңгейі төмендеген. Балды бизнеске айналдырып, ерекше шаруашылықты өзіне кәсіп еткен Жетісай ауданына қарасты Қазыбек би ауылдық округінің тұрғыны Алмахан Нұрболат бүгінде мемлекеттің қамқорлығын сезініп, табысын арттырып отырған кәсіпкерлердің бірі. Нұрболат биыл кәсіпкерлерді қолдау бойынша мемлекет тарапынан берілетін 1 млн 200 мын теңге қайтарымсыз грант қаржысын ұтып алып, өз кәсібін бастаған. Бұған дейін біршама жұмыстың басын шалған омарташы енді ғана табысты кәсіптің көзін тапқандай. Көзін тапсаң қай кәсіптен де нәтиже шығаруға болады. Бал шаруашылығын жіті зерттеген кәсіпкер бүгінде бұл істің қыр сырын жетік меңгеріп алды. Бала сияқты бал арасы да ерекше күтімді қажет етеді екен. Ең бастысы араларды тазалықты ұнататын көрінеді. Емдік қасиеті ерекше бал барлық ауруға дауа. Тіпті ұяшықтары да халық емінде кеңінен пайдаланылатыны белгілі. Мұны ғалымдар да әлдеқашан дәлелдеп қойған. Суықты алады деп бал қосып шәй ішетіндер жетерлік. Балдың құрамындағы пайдалы элементтер, химиялық заттар көп. Тіпті ара уы да көп дертке шипа көрінеді. Бал тек қыста суық тиіп ауырып қалғанда ғана емес, асқазанға, тіпті жүрекке пайдасы көп. «Аралар тазалықты сүйеді. Сондықтан, ара кәсібімен айналысатындар омартаның мұнтаздай таза болуына аса мән беруі керек. Үнемі ықтияттап тазалап, мұқият қадағалағанда ғана сапалы бал жинап алуға болады. Аралар қауымдасып, үлкен отбасы болып тіршілік кешеді. Омартада аналық, аталық, жұмысшы, күзетші аралар қалыптасқан белгілі заңдар мен ережелерге бағынады. Әрбір ара өзінің міндеттерін мүлтіксіз орындайды. Гүлдерден бал жинамаған араны күзетшілер омартаға кіргізбей қоятын қасиетке де ие», — дейді омарташы. Бүгінде дәріхананың дәрі-дәрмегінен көрі табиғи емделгенді қалайтындардың қатары қалың. Табиғи дәруменге бай бал арасына сұраныстың артып отырғаны да сондықтан. Қазіргі таңда ара балының фармацевтика саласы мен халықтық ем-домда да жиі қолданылып, суық тию, жүрек, бауыр, өкпе, бүйрек, асқазан, ішек, жүйке ауруы, қан қысымының көтерілуінің де алдын алуға пайдаланылады. Бал арасының тозаңдану кездерінде де табиғатқа келтірер пайдасы шаш етектен. Табиғаттағы тепе-теңдікті сақтауда араның атқарар ролі зор. Мемлекет басшысы отандық өнімнің үлесін арттыруды тапсырды. Яғни, бүкіл әлемге танылатын «Қазақстан жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалыптастырып, ілгерілетуге мүмкіндік беретінін айтқан болатын. Осы тұрғыдан алғанда бал өндіріп отырған Нұрболаттың отандық өнімі келешекте көрші елдерге экспортталуы да ғажап емес. Бүгінде Түркістан облысында омарташылықпен айналысып, оны кәсіп еткен отбасылардың саны артып келеді. Тәтті өнімге деген сұраныс ешуақытта да бәсеңсімейді. Ал сұраныс бар кезде бизнес өркендей бермек.