Қолөнер – зор өнер Қолөнер — халықтың өз қолымен жасаған, ұлттық мәдениет пен өнер туындысы сан ғасырлардан бері жалғасын тауып келеді. Ел ішінде ісмер, өз ісінің хас шеберлері жетерлік. Олардың қолынан шыққан дүние көздің жауын алады. «Шебердің қолы алтын», — дейді атам қазақ. Сөзге де шебер, іске де ұста халқымыздың зор мәдениеті мен өнерін паш ететін құндылықтарының бірі — оның қолөнері. Ағашқа ою салып, темірден түйін түйген, жүннен көз жауын алатындай бұйым жасап, киіз басқан, асыл тастардан сәндік бұйымдарды соққан, сүйек пен мүйізді, шиді қиынынан қиыстырған халық шеберлерінің ісі — мақтауға тұратын өнер туындысы деуге болады. Қазақ өнерінің, оның ішінде қолөнердің түрі көп. Оның ішінде әртүрлі саланы өзіне серік етіп, өрістетіп отырған шеберлер көп. Нағыз ісмерлер барда сан ғасырлардан бері тіні жоғалмай бүгінгі күнге жеткен ұлттық өнеріміз өшпейді, қайта алдыңғы ғасырларға ұмытылмай, жалғаса береді. Ұлттық қолөнер заман ағысына сай жаңарып, жаңғырып келеді. Бір әттеген айы соңғы әлетте оюлы текемет басып, киіз басатын жандар өте сирек деуге болады. Бұрындары ауылдарда киіз басу кішігірім той сияқты болатын. Бүкіл ауылдың жасы үлкені, кішісі жиналып асар жасайтын. Апалар киіз басуға айлар бойы дайындалатын. Жүнді жуып, түтіп, оны бояйтын. Арнайы шақырту жасалған күні шидің үстіне жүнді төсеп, оның үстіне түрлі түсті жүндерден қошқар мүйіз оюын салып әдіптейтін. Үстіне ыстық сұй құйып шиді орап, әбден ары бері тепкілейтін. Киіз аунату балалардың жұмысы болатын… Ал бүгінде қолдан басылған киізді емге таппайсың. Алда жалда киіз керек боп қалса ауылдағы ісмерлерге жасатуға тура келеді. Қолөнерді кез-келген жан игеріп кете алмайды. Қолы епсекті, қызығушылығы барлары ғана іліп кетпесе, қиын. Өйткені қолөнер аса ыждағаттылықты талап етеді. Шұқшиып отырып істеу де оңай емес. Қолөнерді бабымен үйрететін қолөнершілердің саны өте сирек. Алайда, шәкірт тәрбиелеп, құндылықтарымызды дәріптегісі келетін жандар да жоқ емес. Солардың бірі әрі бірегейі — Мөлдір Серғараева. Он саусағынан өнер тамған кейіпкеріміз бала күнінен көркем қолөнердің негізін қалап, сәндік-қолданбалы өнермен айналысып келеді. Ептілігі мен еңбекқорлығының арқасында мемлекеттік грант ұтып алып, ісін ұршықша иіріп кетті. Кейіпкеріміз Жамбыл облысы, Қаратау ауданындағы өнерлілер отбасында дүниеге келген. Анасы тігін тігумен айналысса, ал әкесі ұстахана шебері. Жастайынан ісмерлер отбасында өскен соң қызығушылығы ақыры айналып осы салаға алып келді. Мектеп бітіріп, оқуға түсу керек болғанда да осы саланы таңдады. Көркем сурет колледжі мен тоқыма институтын бітірген Мөлдір Қостанай қаласында еңбек пәнінен сабақ беріп, бірнеше жыл бойы ұстаздық қызмет атқарды. Еңбек пәнінде қыз балаларға ісмерліктің қыр сырын үйретті. Жан қалауы бұл сала емес екенін сезетін. Өз ісін бастап, кәсіпкер атануды көздеп жүрген. Мөлдір көп ұзамай, ақ босаға аттап, Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданының орталығы Ленгір қаласының келіні атанды. Қым қуыт үй тіршілігі, отбасылық өмірдің қазанында қайнап жатты. Келінді үйдің үлкен үміті болады ғой. Сол үміттің үдесінен шығып, 3 перзентін дүниеге әкелді. Әдемі мата, әдемі жіп көрсе шыдап тұра алмайтын. Бірдеңе жасағысы келіп, асығатын. Үйде балалар күтімімен отырғанда құр қарап жүруге шыдамы жетпеді. Қолөнер заттарын жасап, шаһар тұрғындарына саудалады. «Мектепте жүрген кезімде ұстаздарым қолөнерге ебім мен қызығушылығым бар екенін байқап, үнемі мені қолдап отырды. Асқан қызығушылықпен жасайтынмын. Айлар зымырап, жылдар жылжыған соң, дұрыс таңдау жасағаныма анық көзім жетті. Бала кезімнен пысықтау, іске бейім болып өскен соң болар, ұдайы бірдеңе жасағым келіп, бірдеңелерді ойлап тауып жүретінмін. Демалысымды пайдаға жаратқым келіп, 2020 жылы «Бастау бизнес» бағдарламасына құжаттарымды өткіздім. Расында да, мемлекеттің беріп жатқан шексіз мүмкіндіктеріне шынайы ризашылығымды жеткізгім келеді. Әйел заты табыссыз болса, күйзеліске тез түсіп кетеді. Өз кәсібімді бастау арқылы талантымды шыңдап, халқыма пайдамды тигізіп жатырмын», – дейді Мөлдір. Дәл осы уақытта елде орын алып жатқан пандемияға қарамастан, кәсіптің толық оқу курсынан өтіп, бар қыр сырына қанықты. Өзіне аса қажетті, тігін машинасын сатып алды. Жап жаңа зырылдап тұрған тігін мәшінкесінен су жаңа фемуарлы сөмкелер тікті. Көздің жауын алатын әсем затқа қызығушылардың қатары аз болмады. Жобасын қорғау үшін жанын салып дайындалды. Епсекті қолынан шыққан дүниелері демеушілердің назарынан тыс қалған жоқ. Ерекше бизнес идеясы үшін 583000 теңге көлемінде мемлекеттік грант ұтып алды. Қанша тігінші болсаң да, мықты қолөнерші болсаң да бәрібір білім керек. Білген дүниеңді ары қарай дамыту да аса қажет. Қолөнерге қанша машық болса да, әсем бедерленген дүниелерді жасап шығу оңай болған жоқ. Ол үшін біраз тер төгуге тура келді. Талай мәрте қаражаты далаға кетіп, сәтсіздік адымын аштырмады. Уайымға салынған кезі де жоқ емес. Дегенмен табанды, көздеген мақсатына жетпей тынбайтын қайсарлығының арқасында бүгінгі табысты деңгейіне қол жеткізді. Наурыз айында бизнес жоспары үздік деп танылып, жеңіске жетті. Бұл қуаныш оған шабыт сыйлады. Тың серпінмен кірісті кәсібіне. Содан бері екі жылға жуық уақыт өтті. Халықаралық және республикалық деңгейде ұйымдастырылған көрмелерге белсене қатысып, көптің көзіне түстім. Бұйымдарымның сапасы жоғары болғандықтан, тапсырыс берушілер де дән риза. Жуырда АҚШ пен Қазақстан арасындағы халықаралық байланысты дамытуға бағытталған Nomad жобасына қатысып, шетел азаматтарына даярлаған сөмкелерімді 10000 теңгеге сатты. Бір өкініштісі, келушілердің көп бөлігі сапа мен матаны ажырата алмайды. Сол көрмеде басқа да қолөнершілер өз өнімдерін арзан бағаға сатып жатты. Тұтынушылар маған келіп, сөмкенің бағасын қымбат деп кейіді. Мен сапаны салыстырып, бәрін түсіндіруге тырыстым. Оның үстіне сөмкеге қажетті бұйымдарды өзім өндіре алмаймын. Басқа қаладан тапсырыс арқылы алдырамын. Киізді де қолдан түтемін. Бәрібір сапалы дүниенің бағалайтындар табылады. Ерекше кәсіпті нәсіп отырған кейіпкеріміз ұлттық құндылықтарды дәріптеуші де. Қандай жерге барса да, қайда жүрсе де, ұлттық киімін, қолдан тігілген орамалы мен сөмкесін тастамайды. Ерекше стиліне, ерекше киіміне қызыға қарайтындар көп. Қазақтың қыз келіншектері осылайша ұлттық нақышта киінсе қандай әдемі көрінеді дейді ол. Ұлттық өнерді дәріптеуші қыз-келіншектердің ерекше үлгідегі отандық өнімдерді емес, шарықтап тұрған брендтік киімдерді сатып алатынына қайран қалады. Тек соңғы әлетте клиенттер Түркістан пен Шымкент қалаларынан ағылып келіп жатқанын айтады. «Қолөнер – рухани жан серігің, ертеңгі азығың, жарқын болашаққа жол сілтейтін жарығың. Қолөнершілер барда ұлттық өнер өлмейді. Кез-келген қыз баласы қолына ине ұстап, жыртық жамай алуы керек деп ойлаймын. Таныстарымның арасында киімнің кішкене жыртығын тапсырысқа тіккізетін жандар да бар…» дейді ол. Алға қойған жоспары да жоқ емес. Қолөнерді үйренуге құлшынысы бар қыз-келіншектерге бар білгенін үйрету. Ісмерліктің қыр сырына қанықтыру. Бірақ, бұл арманын жүзеге асыру үшін арнайы орталық ашып, оны кеңейту қажет. Тиімді қызмет пен қолжетімді баға қойылса, нәзік жандылар орталыққа ағылып келетіні сөзсіз. Қайсар мінезді кейіпкеріміздің бұл арманы да орындалары анық. Өйткені арманы асқақ, мақсаты айқын. Кәсіпкер келіншек бойындағы таланты мен таудай талабының арқасында белгілі қолөнер шеберлерімен кездесіп, олардан тәлім алып, қалалық байқаулардың жеңімпазы атанып үлгерді. Бүгінде тек сөмкелерді тігіп қана қоймай, түрлі тастар мен көздің жауын алар моншақтардан ұлттық үлгідегі тақиялар мен кеудешелер тігіп жүр. Сәнге айналған трендтегі тақияның да түр түрін тігеді. Қолынан шыққан өнімдерінің бағасы қолжетімді әрі сапасы өте жоғары болғандықтан, күніне 4-5 тұтынушы келеді. Алдағы уақытта киім дизайнын толық меңгеруді қалайтын кейіпкеріміз жеке орталығын ашуды армандайды. «Ұлттық мұраны ұлықтап, қастерлі қазынамызды насихаттауда қолөнердің орны айрықша. Бұл өнер адамды шыдамдылық пен шығармашылыққа тәрбиелейді. Бұл саланың көзін тауып, дамылсыз еңбек етсең, табысқа кенелуге болады. Әрі.Өкінішке орай, осындай орталықтардың саны өте аз. Егер біріге бұл жұмысты қолға алсақ, құндылығымызды қайта жаңғыртар едік», – деп ой қосты ол. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ісін нөлден бастап, бүгінде табысқа кенеліп отырған Мөлдір сияқты кәсіпкерлер көп бүгінде. Кәсіпкерлігін дамытып бір, ұлттық қолөнерді дәріптеп екі – қоғамға өзінің пайдасын тигізіп жүр. Егер кез-келген кәсіп иесі осылай өз ісіне адалдық танытар болса, қазақтың жоғы түгенделіп, асығы алшысынан түсері ақиқат.