Қоқыс қалдығын кәдеге жаратып отыр Шағын және орта бизнесті дамыту экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғыртудың басты құралыболып табылады. Әсіресе, жеке меншіктің нақты өмірге жүзеге асуы және орта таптың қалыптасуының мемлекетімізде артқан сайын еліміз көркейіп, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарады. Одан бөлек, шағын және орта кәсіпкерлік – экономиканың тиімді әрі нәтижелі секторы. Бұл сала жұмыссыздықты жоюда, нарыққа қажетті тауарларды жеткізуде, жеке өндірушілердің монополиясын шектеуде және экономиканы тұрақтандыруда шешуші фактор болып табылады. Бүгінде шағын және орта кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан қолдаулар және әкімшілік реттеу жүргізіліп жатыр. Нарықта тұтынушыларға қажетті, сұранысқа ие тауарлармен қамтамасыз ету – әлеуметтік тұрғыда елдің ахуалының жақсаруына алып келеді. Бүгінде шалғай шетте жатқан ауылдарда түрлі идеялар ойлап тауып, оны жүзеге асырып, кәсібін бастаған іскер азаматтар қатары көбейіп келеді. Ауыл шаруашылығы саласындағы білімін бизнеспен ұштастырған жандардың бір — Қозыбай Әшеков. Түркістан облысына қарасты Жетісай ауданының Жылысу ауылдық округінің тұрғыны ауыл шаруашылығы саласында агроном болып жұмыс атқарған. Ауылда тұрақты жұмыс табу оңай емес. Сондықтан да қолы бос кездерде жеке көлігімен ауданішілік бағыттар бойынша адам тасымалымен айналысты біраз уақыт. Содан азын аулақ ақшамен күнелтудің оңай емес екенін біліп қалайда кәсіп бастауға бел буды. Қозыбай Әшеков ұлы Алтаймен бірге қазіргі таңда пластикалық қалдықтардан яғни, сысуыннан босаған баклашкалардан мақта теретін комбайндарға аса қажетті шпиндельді щетка мен қалыңдығы 1 мм болатын жіп шығарып жатыр. Кәдеге аспай көшеде шашылып жатқан пластикалық ыдысты осылайша іске жаратып отыр. Осы уақытқа дейін аталмыш щетканы көршілес Өзбекстан елінен тапсырыспен алып келген комбайн жүргізушілері ауыл азаматының қолынан шыққан өнімге ризашылықтарын айтып отыр. Қолдан жасалса да өнімнің сапасы өте жоғары, бағасы да базар нарқынан әлдеқайда арзан. Бір маусымға мақта теретін бір комбайнға 96 дана кетеді. Өзбекстандық щетканың әрбір данасы базар нарығында 5 мың теңге болса, Қозыбай Әшековтың қолынан шыққан өнімнің бағасы соның тең жартысы, яғни, 2,5–3 мың теңге тұрады. Әрі екі маусымға жарайды. Шикізатты да алыстан дорбалап әуре болмайды. Баклашка дегенің қазір қоқысқа лақтырылып жатыр. Төзімді әрі сапасы жоғары өнімге тапсырыс беретіндердің қатары күн санап артып келеді. Отбасылық бизнесті дамытып отырған Қозыбай Әбдірашимұлы қолынан іс келетін ауылдың тағы бір тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Қолдағы барымен кәсіп ашқан азамат алдағы уақытта мемлекеттік қолдаумен несие алуға ниеттеніп отыр. «Кәсібін жаңадан ашқандарға өкімет барынша қолдау білдіріп отыр. Мемлекетіміздің жүйелі саясатының нәтижесінде жыл сайын кәсіпкерлерге жасалатын қамқорлықтардың қатары артып, берілетін несиелердің сомасы да көбейіп келеді. Біз де сол бағдарламаларға қатысып, жеңілдетілген пайызбен несие алуды, алдағы уақытта кәсібімізді кеңейтсек, өнім көлемін арттырсақ деп жоспарлап отырмыз» — дейді Қозыбай Әшеков. Қолынан іс келетін азамат осылайша кәсіптің көзін тапты. Бүгінде барлық жұмысты қол күшімен атқарады. Қолдау болса арнайы құрылғылар сатып алар едік дейді. Күндігіне 25 данаға дейін шпиндельді щетка жасап жатыр. Алдыңғы жылы 28, өткен жылы 40-қа тарта комбайнға өнім дайындаған азаматтар тапсырыстың күн санап артып отырғанын айтады. Іскер отағасы ерекше кәсіп түрінен бөлек, жылы жай, бау-бақша өсіру ісімен де айналысуда. Бүгінде ауылдың 60 пайызын жыл бойы көкөніспен қамтамасыз етіп келеді. Одан түсетін табыс та жаман емес. Бір отбасының қажеттілігінен жетіп артылады. Жұмыс істеймін, кәсіп ашамын, табыс табамын деп талпынған адамға еш кедергі жоұ. Қайта қолдау болмаса. Сондықтан да нарықты зерттеп, не қажет, не тапшы соның бәрін зерделеп кәсіптің көзін, істің өзін тапқан абзал.