Тұқым шаруашылығын дамыту қажет Өздеріңізге белгілі биылғы жыл мақта шаруашылығы үшін сан түрлі ой-пікірлер мен қызу талқыланған сала болды. Оған басты себеп мақта бағасының белгіленбей, 126,3 мың га жерге егілген ақмаржанымызды сата алмай қалу қауіпі туындады. Бүгінгі күні әлемдегі жағдайларға байланысты мақта талшығына Европа, Түркия, Ресей елдерінен сұраныстың күрт төмендеуі, трейдерлермен келісімшарттың болмауы, Ливерпуль биржасындағы индекстің күн санап түсуіне байланысты мақта талшығының бағасы 1 келісіне — 250 теңге деп бекітілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 90 теңгеге кем, өткен жылы 360 теңгені құрады. Облысымыздың оңтүстік аудандар тұрғындарының ата кәсібіне айналған мақта саласының сыртқы факторларға тәуелділігін төмендету мақсатында «Мақта саласын дамыту бағдарламасын» әзірлеу қажеттілігі туындайды. Мақта саласын дамыту мақсатында төмендегідей іс-шараларды қабылдау керек деп санаймын: Бірінші бағдарлама: тМақтаарал ауданында қажетті аумақты бөліп, өндірушілерді мемлекеттік қолдау шараларын әзірлей отырып, тоқыма кластерін ұйымдастыру қажет (инвестициялық субсидиялар және жабдықтар сатып алуға және объект салуға қолжетімді жеңілдетілген кредит беру, белгілі бір кезеңге салық төлеуден босату және т.б.). Екіншісі: Сапалы тұқым. Тоқыма кластерін тиімді дамыту үшін мақта саласында тұқым шаруашылығын тұрақты мониторингпен дамыту қажет, өйткені Өзбекстан мен ҚХР-дан әкелінетін техникалық сорттарды тек джинсы, жамылғыш бұйымдарын өндіруде пайдалануға болады. Қазіргі уақытта Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты 70 тоннаға жуық сапалы жаңа сортты тұқым дайындайды, ал өңірге жыл сайын 4 мың тоннаға жуық тұқым қажет. Тұқым шаруашылығын дамытуды ынталандырудың негізгі құралдары мақтаның жаңа элиталық сорттарын әзірлеу үшін институтты қаржыландыруды ұлғайту, тұқым шаруашылығы шаруашылықтары үшін жеңілдетілген несие және субсидия (тұқым сапасына байланысты 10 пайыз және 25 пайыз) беру және отандық тұқым шаруашылығы шаруашылықтарының тұқымдарын пайдалану кезінде шаруалардың шығындарын субсидиялау (мақта көлемінің 25 пайыз). Үшінші бағыт — Субсидия. Мақта талшығын өндірушілердің жабдықтары 80 пайызы тозған, бұл зауыттың өнімділігі мен талшық сапасының төмендеуіне әкеледі. Осыған байланысты жаңа жабдықты сатып алуға 50 пайыз мөлшерінде инвестициялық субсидиялар және 10 жылға дейін жеңілдетілген несие беру қажет. Сонда Түркістан облысының мақташылары қарқынды түрде іске кірісер еді. Нұрбол Пернебайұлы