Жылыжайда қызғалдақ өсірмек Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданы нағыз ауыл шаруашылығы қайнаған аудан. Мұнда жеміс жидектің неше атасы өсіріледі. Тіпті цитрустық жемістердің біраз түрі осында жайқалып тұр. Алма бауының басым бөлігі де осында. Ал жылыжай шаруашылығын дамытуда аудан кәсіпкерлерінің алдына түсері жоқ. Өткен жылы Қарасу ауылдық округіне қарасты Ынтымақ ауылында ЖК «Валиев» жылыжайы ашылған болатын. Басшысы Валиев Селимхан. Мұнда қызанақ және қияр өсіріледі. Кәсіпкердің айтуынша, 5 гектар аумақты ұзақ мерзімді пайдалану құқығымен алып, кәсібін дөңгелетіп келеді. Осы жердің 60 соттық бөлігі жылыжай, қалған 2,5 гектары ашық суармалы жер. Жерлеріне көкөністің дақылдарын егіп, көшеттерін өсіріп, өнімін шығарады. Өнімнің тұқымына да баса мән беріледі. Егер жоғары сұрыпты жақсы тұқым болса өнім де мол болмақ. Оған қоса баптауында да көп еңбек бар. Жылыжайда бірінші айналымында қиярдың «Семеренко» сорты егілген. Екінші айналымында «Умагна» голландиялық сортынан 13 мың түп қызанақ егілген, жақынар ада жемісін бермек. Ал, ашық суармалы жеріне картоп, қияр, қызанақтың бірнеше сорттары, болгар бұрышы, жүгері, бақша өнімдерінен қарбыз өсіреді жаз айларында. Өнімді өсіру бар да, оны сақтайтын қойма әлбетте болуы керек. Көп кәсіпкерлер осы жағына мән бермейді. Қойма болса өнімиді ұзақ уақыт сақтауға болады. Кәсіпкер шаруашылығын дамытуға 120 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсаған. Осы қомақты қаражатқа жылыжай және қойманың құрылыстары жүргізілген. Заманауи жылжыайда барлық жағдай жасалынған. Электр жарығы тартылған. Самаладай жарқырап тұр. Қыс маусымында жылыжайды көмірмен жылытады. Оны да алдын ала қамдап алу керек. Маусым кезінде қатты отынның бағасы да қымбаттап кетеді. Сондықтан да жаз айларында көмірді сатып алып қояды. Жылуды бірқалыпты ұстау үшін тәулігіне 2-2,5 тонна көмір жағады. 4 айдың ішінде 280 тонна көлемінде көмірді пайдаланған. Соңғы кездері қыс қатты болмай қарасып тұр қайта. Сонымен қатар, су ұңғымасы орнатылған. Жылыжайдың жеріне тамшылатып суару әдісін қолданады. Бұл өте тиімді әдіс. Биылғы жылы қиярдан өнімді жеті рет теріс жасады. Жақсы күтімнің арқасында қияр дегенің салып кеп берді. Жалпы 40 тоннаға жуық қияр өнімі терілген. Оны сатып алушылардың да қатары көп. Өндірілген өнімдері облыстан бөлек, Қарағанды және Астана қалаларына сауда орындарына шығарылады. Жергілікті көкөністі қайта өңдейтін консерві цехтарынан да сұраныстар көп. Яғни, банкаға жауып пайда табатындар ақ сауданы өкіртеді. Көкөністі түрлі зиянкестер мен аурудан қорғайтын, өсімін жақсартатын «Ягуар» тыңайтқышы, кальций, магний, жапырақтардың күтіміне арналған бірнеше дәрумендер беріледі. Еккен өнімнің бабын тапсаң, бағы жанады. Суғаруын да, тыңайтқышы да, дәрумендерді де қалай беру қажеттігін білу қажет. Сонда ғана өнім мол болмақ. Жылыжай шаруашылығында 25 адам жұмыспен қамтылған. Жылыжайдың жұмысшыларына 3 мезгіл, ал ашық далалы жердің жұмысшыларына 1 мезгіл тамақтандыру мәселесі және тасымалдау қызметі қарастырылған. Түскі асқа үйіне барып уақыт жоғалтпайды. Жұмыс берушіге де, жұмысшыларға да ыңғайлы. Олардың орташа есеппен алатын жалақылары 100-120 мың теңгені құрайды. Ауылдық жер үшін бұл аз ақша емес. Ағымдағы жылы жылыжайды 2 гектарға ұлғайтып, қызғалдақ гүлін өсіруді жоспарлап отыр. Бұл ла болса өтімділігі жоғары өнім болмақ. Қазіргі таңда кәсіпкер осы саланы жіті зерттеу үстінде. Жоба іске асырылған кезде тағы да біршама жұмыс орны ашылмақ.