Балық етінің адам ағзасына тигізер пайдасы орасан. Оның ағза тазалайтын, сүйек пен тісті қатайтатын, түрлі дәрумен беретін тағам ретінде пайдалы екендігі белгілі. Әсіресе, оның тез қорытылатыны мен диета кезінде таптырмайтын тағам болғандығы үшін де жоғары бағаланады. Оның құрамында ақуыз, түрлі дәрумендер, минералдар, темір, йод, магний, фосфор бар. Бұған қоса, балық еті құрамында адамға аса қажет омега-3 май қышқылдары бар. Жақында ғалымдар балық майының артық самақтан арылтатынын анықтады. Бұл оның бағасын тағы да арттырды. Бүгінде семіздіктен зардап шегетін жандардың артып келе жатқаны белгілі. Оның себептері компьютерде отырып жұмыс істеу, телефон шұқылып ұзақ отыру, қимыл қозғалыстың аз болуы сынды түрлі себептері бар. Енді осы мәселемен қош айтысу үшін барынша балық етін көп тұтынған дұрыс. Балық етінің пайдасы ұшан теңіз. Балық еті құрамында өте көп дәрумен мен микроэлементтер кездесетіні себепті оның биологиялық бағасы ірі қара мал мен қой етінен жоғары. Бірақ аталған мал етінен бағасы арзан. Мысалы, балық етінің 100 граммында адам денсаулығы үшін өте қажет болған бір күндік – 0,2 миллиграмм йод бар. Әрі еттен арзан тұрады. Сондықтан да балықты тұтынатындар қатары көп. Тұтынушы көп болғанда сұранысты арттыратыны сөзсіз. Сондықтан да бүгінде Түркістан облысында балық шаруашылығымен айналысып жатқан шаруашылықтар қатары артып келеді. Бұл саланың болашағы керемет. Және оған мемлекет тарапынан қолдау көп көрсетіледі. Балық шаруашылығы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің басым бағыттарының тізіміне енгізілген. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасында шабақ сатып алуға, жем сатып алуға субсидия беру қарастырылған. Сондықтан да осы салаға бет бұрып, көркейтуге білек сыбана кіріскендердің қатары қалың. Бүгінде таулы өңір Түлкібас ауданында балық шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Қазірдің өзінде бұл кәсіп түрімен 12 шаруа қожалығы айналысуда. Үш жылдан бері Т.Рысқұлов ауылындағы «Сапарғали» шаруа қожалығы осы салада нәпақасын тауып жүр. Жалпы Түлкібас өңірі таулы, тасты, қырлы, сайлы болып келеді. Соған сай су көздері де көп, балық басын көбейту үшін жасанды тоғандарды дайындау қажеттігі туындаған. Әрі оған көп уақыт жұмсалыпты. Бүгінде жасанды жеті тоған жасалған. Әрқайсысының өлшемі 120-дан 40 метрге дейін. Тауы басынан ағыцп келіп жатқан өзен суларынан бөлек мұнда бұлақ сулары да жеткілікті. Сондықтан да тоғанға толтыратын су жергілікті бұлақтан алынған. Шаруа қожалығының басшысы Ғ.Жорабектің айтуынша, өткен жылдың күзінде тұқы, ақ амур және ақ амурдың шабақтары төрт тоғанға жіберілген. Балықтың шабақтары өсіп жетілгенге дейін бақылауды үзбеген. Әрі балықтар қалай қыстап, климатқа бейімделеді деген қорқыныш та болған. Дегенмен қаншама жасалған еңбек далаға кеткен жоқ. Шабақ кезінен бағылған балықтар тез салмақ қосып үлгерген. Әрі тез жетілген. Бастаған істеріне береке дарыған отбасы мүшелері түгел осы шаруашылықтың тасы өрге өрлеуіне шама шарқынща үлес қосуда. Ауданда су тоғандары көп. Бұл балық өсірушілерге көп көмегін тигізіп отыр. Отағасы Сапарғали Құрманбаев отбасылық кәсіпті бастау үшін біраз еңбектенген. Ізденген. Оқыған. Ақыры тәуекел етіп іс бастаған. бүгінде ебегінің жемісін жеп отыр. Өздері өсіріп, баққан балықтарды алдымен жергілікті нарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Сосын өзге өңірлерге жеткізуді еде ойластырып отыр. Шабақтарды Тараз қаласындағы балық өсіру зауытынан сатып алған. Оны жемдеп, дәрумендер беріп отыру керек. Оның мөлшерін білу қажет. Қай уақытта және қанша мөлгерде жемдеу қажеттігін отбасы мүшелері түгел біледі. Түлкібастық балық өсірушілер ихтиологтардың көмегіне көп жүгінеді. Өйткені қашан бір ізге түсіп кеткенше маман кеңесі басты ұстын болмақ. Бүгінде балықты күніне төрт рет арнайы теңдестірілген тағаммен тамақтандырады. Тек уақытылы ғана жемдеп отыру қажет. Шаруа қожалығы басшысының алға қойған жоспардары көп. Төрт тоғаннан бөлек, басқа да тоғандарды балыққа толтыруды ойлап жүр. Алдағы уақытта форель шабақтарын өсіруді қола алмақ. Өйткені, нарықтағы форельдің бағасы жоғары, сондықтан жақсы пайда алуға болады. Сұраныс көп. Әсіресе деликатес дайындауда бір бірінен ерекшеленуді қатты қалайтын мейрамханалар дәл осы балыққа сұранысты көп жасайды екен. Одан бөлек, базарларда да өтімділігі жоғары.