Соңғы әлетте ауыл шаруашылығы саласына көптеп көңіл бөліне бастады. Соның арқасында дәл осы салаға қажетті мамандарға сұраныс артуда. Бүгінде М.Әуезов атындағы ОҚМУ-інде Агроөнеркәсіп институты өңірдегі ауылшаруашылығына қат мамандарды дайындауда. Сұраныс артып отырған шақта теңіздің қасындағы тамшыдай болса да оқу орны үлес қосып отыр. Бұрын соңды облыста агроөнеркәсіп саласына қажетті мамандар дайындайтын жоғарғы оқу орны болмаған. Бүгінде аталмыш оқу орнына түсіп, білім алуға ниеттенгендердің қатары артып отыр. Алғашында екі ғана кафедра болса, бүгінде заман талабына сай қат мамандар даярлау ісіне біршама үлесін тигізуде. Мұнда білім алып жатқандардың басым бөлігі білім беру грантымен түскен. Себебі олардың ауылдық квотасы бар. Әрі ауыл балаларының осы мамандыққа қызығушылық танытатыны да жасырын емес. Осындай артықшылықты көпшілігі пайдаланғанды құп көреді. Жыл жылжыған сайын осында білім алуға ниеттенген студенттердің саны артып келеді. Қазір 1400- дей студент білім нәрімен сусындауда. Ауылшаруашылығына аса қажетті 11 мамандық дайындауға үлес қосуда. Бүгінде аталмыш институт Оңтүстік Қазақстан Облыстық ауылшаруашылығы департаментімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Одан кейін ОҚ облыстық Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан ваканттық орындардың бәрін біліп отырады. Әр студенттің ауылы, ауданында бос орын болып жатса сонда жұмысқа орналасады. Биотехнология — негізі келешектің мамандығы. Өндірістің, өнеркәсіптің барлық салаларында жұмыс істеуге мүмкіншіліктері мол. Ауылшаруашылығында, өсімдік, мал шаруашылығында биотехнологиялық әдістерменен селекция жүргізуге болады. Әр организмде болатын гендік дәрежеде тәжірибе арқылы өсімдіктердің, малдардың сорттарын сұрыптауға мүмкіншілік туады. Уранды өндіру мәселесі болатын болса оны химиялық жолмен өңделеді. Оны биотехнологиялық жолмен өндеуге мүмкіншіліктер бар. Биотехнология және экологиялық институт пен «Қазатомпром» екеуінің арасында жұмыс басталып жатыр… 2006 жылы Халықаралық аккредитациялауға өтініш жасалған болатын. Соған орай Германияның аккредитациялау агенттігінен мамандар келді. Екі жылдан аса бірге жұмыс істеді. Олар өздерінің қорытындысын маусым айында береді. Аккредитацияға жататын 7 білім беру бағдарламаларының біреуі — биотехнология бағдарламасы. Осы мамандық бойынша аккредитация жұмыс істеді. Мұнда өзге оқу орындарынан өзгешелігі суденттердің 90 пайызы грантпен оқиды. Студенттердің дені ауылдықтар. Жыл артқан сайын ауылшаруашылығы мамандығына қызығушылық артып келеді. Үкімет тарапынан бұл салаға көп көңіл бөлініп жатыр ғой. Алдағы уақытта оқу орамыздан білім алып шыққан жастар жерде қалмай, өз ісін ұршықша үйіретіндігіне сенім кәміл. Бүгінде су шаруашылығы мамандары да назардан тыс қалғаны жасырын емес. Су көздерін дұрыс игеріп, гидромелиорация шаруашылығын жақсы деңгейде басқару үшін су ресурстары мамандарына өте мұқтаж. Су ресурстары және жерді пайдалану кафедрасы жүргізген мониторинг жұмыстары көрсеткендей облыстың құрылыс, энергетика, және коммуникалдық шаруашылықтары департаменттері арнайы жоғары білімді мамандармен қамтылуы 10 пайыздан да аспайды екен. Бұл дегеніңіз су мамандарын нарықтық экономикаға бейімдеп оқытып, кәсіби мамандарды көбейту мәселесін тездетіп шешуді талап етеді. Бұл жағынан еліміздегі ең жас оқу орны Агроөнеркәсіп институты тындырымды тірлік атқарып келеді. Бүгінде ең қат мамандықтарды оқытумен қатар заманауи мамандықты игеруді де қолға алған… Араға біраз жыл салған үзілістен кейін ауыл саласына көңіл бөліне бастады. Ауылды көркейтетін маман. Олай болса агроном да, зоотехник те ауыл үшін ғана емес бүкіл қоғам үшін беделді мамандық иесі атанатын күн де алыс емес.
Дәулет Бейімбет