Бүгінде ұлттық нақыштағы ою-өрнектеріміз ғасырлар қойнауында қалып кетпей бүгінгі күнде трендке айналып отыр. Әсіресе ұзатылатын қыздардың жасауы яғни, көрпе жастықтары көздің жауын алатын ою-өрнекпен әсемделіп жүр. Қазіргі таңда қыз жасауын тігумен айналысатын шеберлер қатары артып келеді. Түркістан қаласының тұрғыны Мәдина Қорғанбаева қазақы ұлттық құндылықтарды ұлықтап жүрген нағыз шебер. Оның қолынан шыққан дүниелер көздің жауын алады. Он саусағы майысып, іс тігетін ісмердің шеберлігіне тәнті жандар көп. Өнерлі келіншек биыл сүйікті ісін кәсіпке айналдырып, мол табыс тауып отыр. Көпбалалы ана ұлттық оюлар басылған төсек жабдықтарын, сондай-ақ түрлі балалар ойыншықтарын, өзге де тұрмыстық бұйымдарды қолдан жасайды. Әр тігісіне дейін мән беріп, аса шеберлікпен тігілген дүниелеріне тапсырыс берушілер тіптен көп бүгінде. Бала шағынан тігіске жақын өскен жеткіншек ісмерліктің қыр сырын үйреніп, заманауи үлгілерді зерттеп, оқып үйреніп, бүгінде шеберлігінің арқасында мемлекеттік қолдауға ие болып отыр. Соңғы әлетте қолынан іс келетін азаматтарды қолдау мақсатында көптеген бағдарламалар қолға алынуда. Аталмыш мемлекеттік бағдарлама аясында грантқа құжат тапсырып, 1 миллион 200 мың теңгенің қаражатқа қол жеткізді. Аз да болса саздай қаражатты көзін тауып жұмсай да білді. Аталған қаржыға тігін машиналарын және тігіске қажетті ірілі-ұсақты заттарын түгендеп алды. Ісмерлігіне ауадай қажетті құрылғылар Мәдинаның мүмкіндігін арттырып отыр. Осы уақытқа дейін де тапсырыс қабылдап, киім-кешектер мен тұрмыстық заттарды тігіп, аракідік алыпсатарлықпен айналысып келген ол қазір түрлі ою-өрнектермен көмкерілген бұйымдарды сатылымға шығара бастады. Қыздың жиған жүгіндей жұтынып тұрған дүниелерді көрген жандар тапсырысты қарша жаудырды. Бұрын тігістің барша мүмкіндігіне жарайтын тігін мәшинесі болмайтын. Енді грант қаражатына сатып алған жан жақты машиналарының көмегімен зик-зак, оюлы тігістерді үйде отырып-ақ тіге алатын мүмкіндікке қолы жетті. Есесіне келіншек кірісі де еселеніп, отбасылық бизнесіне айналып үлгерген шаруашылығын дөңгелетіп әкетті. Шеберліген қоса қиялы да ұшқыр ұста қыздың артынан апаратын жасау жабдығын замана талабына сай етіп жасайтын болды. Қолы ұзарып, оған мүмкіндігі мол тігін машиналары да өз үлесін қосып жүр. Көрпе-жастыққа әсемдеп ою-өрнек салып, одан басқа да жасауға қажетті барлық дүниені түгелдеп, тапсырыс берушінің көңілінен шығу үшін барын салып, сапалы етіп тігіп береді. Ең бастысы да сапаға мән береді. Тапсырыс беруші ренішін айтып келген емес. Бұл да болса ұсынақты шеберлігінің арқасы болса керек. Қайта ризашылығын білдіретіндеп көп. Әрине бағзы заманғы ою өрнекпен қалып кетуге болмайды. Оны түрлендіріп, заманауи өң беру қажет. Ол үшін оқып, білімін жетілдіріп, өзге шеберлердің еңбектерін бақылап, бүгінгі трендтерді де зерттеуден жалыққан емес. Үнемі ізденіс үстінде болатын еңбекқорлығының арқасында өзіндік брендін қалыптастырып үлгерді. Шығармашылық қызметтің өзге түрлері секілді, ою-өрнекті жасау өнері игерілген білімді жетілдіруге көмек көрсете отырып, интеллектуалдық деңгейді арттыруға ықпал ететіні сөзсіз. Ою-өрнектердің сюжеттік мазмұны және атауы халықтың әрбір жаңа дәуіріндегі өмірлік бағдарлардың ерекшеліктеріне сәйкес ауысып отырды және жетілдірілді. Бүгінгі күні ою-өрнектерді жасау өнері сапалы жаңа бай мазмұнға және жаңашылдыққа ие бола отырып, қазақ халқының рухани және материалдық қазынасына айналғаны белгілі. Сол сияқты ежелгі ою өрнктерге жаңаша жан бітіру де асқан шеберлікті қажет етеді. Бүгінде қыз ұзату тойы ерекше сәнмен өтіп жүр. Соған алдын ала қамданатын ата-ана қызының жасауын қолы алтын шеберлерге сеніп тапсыратын болған. Ал Мәдина шебер сапалылық пен заманауи әсем үлгіде қыз жасауын жасауда қамшы салдырмайды. Бүгінде той-жиынның кезеңі қызып тұрған шағында тапсырыс көлемі де күннен-күнге артып отыр. Таңертеңнен кешке дейін үлкен қызын көмекші етіп, тапсырыстарды де кезінде орындаудың қамымен жүр. Осы уақытқа дейін көпбалалы отбасы мұқтаж азаматтарға тиесілі атаулы әлеуметтік көмекті алып келген болатын. Епке сеп болғанымен үкіметтің аз қамтылған тұрғындарды тығырықтан алып шығу үшін беріліп келген қаражат отбасының барлық мүшесінің кем кетігін түгендеуге шақ келмейтін. Отбасылық бюджетке қосымша табыс болмаса болмайтынын бағамдаған Мәдина грант туралы естіп, әрекетін жасайды. Үш айлық оқу курсын оқып, өзіне ұнайтын кәсіптің қыр сырын ұғынады. Кәсібін бастаса қандай табыс болатынын, қандай шығыс болатынын бәрін таразылап, бизнес жобасын ұсынады. Аз ғана уақыт болса да қысқа мерзімді курстың оның кәсібін дөңгелетуіне, бүгінгі сұранысты зерттеуіне ерекше ықпал еткен. Ол білікті мамандардан тігістің сан қырлы тұстарын үйреніп, онысын күнделікті шаруасында тиімді қолданып жүр. Әрине бүгінгі заман білімдінің заманы. Соған орай кәсіпті игеретін заман. Кәсіпкер болу үшін де білім керек. Соған орай курстан кейін де білімін жетілдіру үшін өзі ізденіп, оқуын жалғастырды. Соның арқасында бүгінде кәсібінің тасы өрге домалап келеді. Аз маз табысқа малданып қалмай алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, ірі шеберхана ашқысы бар. Оған қолы епсекті келіншектерді тартып, ауылдағы жұмыссыздық мәселесін шешуге де атсалыссам дейді. Қолы алтын, ісмер кәсіпкерге бұл арманының ауылы да алыс емес.