Бүгінде су ресурстарын дамыту мәселесі өзекті болып отыр. Су ресурстарын қорғау, су қауіпсіздігі мен тиімділігі, оны рационалды пайдалану – адамзат үшін өмірлік маңызды мәселе екендігі тағы да аян. Аталмыш мәселелер бүгінгі күні көптеген ғалымдардың еңбектерінде, көптеген ғылыми басқосуларда талқыланып, шешілу жолдары іздестіріліп, түрлі инновациялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстарда ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер де жоқ емес. Елімізде 185,5 млн. гектар жайылымдық жер бар. Оның 81,2 млн. гектары қолданыстағы жер болса, 76,8 млн. гектары мемлекеттік қордағы жайылымдар. Бүгінгі таңда суландырылмаған аумақты қоса есептегенде 1 гектар жайылымдық жердің өнімділігі 250 азықтық бірлік болып отыр. Ірі қара малды азықпен қамтамасыз ету, жайылымдық сумен қамту мәселелері, отарлы-жайылымдық мал шаруашылығын басқарудың ғылыми негізін құрастыру маңызды болып отыр. Қазақстан территориясы бойынша әлем елдерінің алғашқы ондығына кіреді және ішкі құрлықтық мемлекеттердің ең ірісі болып саналатыны белгілі. Ауқымды аумақты сумен қамту деңгейі де жоғары болуы тиіс екендігі белгілі. Сол себептен де бүгінде біршама жұмыстар атқарылуда. Жоғары биологиялық әлеуетке ие, сумен қамтамасыз ету деңгейі біраз күш жұмсауды қажет ететін біздің еліміз мелиорация, жайылымдық мал шаруашылығы, су ресурстарын басқару саласындағы кең ауқымды зерттеулер қажет болып отыр. Одан өзге су русурстарын дамыту мәселесінде өңірлерде де маңызды болып отыр. Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданында 90 ағын су нысаны бар. Олардың жалпы ұзындығы 855,4 шақырымды құрайды. Олар арқылы 34 018 гектар егістік жер суғарылады. Демек ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруде аталған су ағындарының қосар көмегі қомақты. Ордабасы ауданына қарасты Қараспан ауылдық округіндегі «Қараспан» магистралды каналы күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Ұзындығы 25 шақырымды құрайтын каналды жөндеуді «Мелиоратор» серіктестігі жүргізуде. Құрылыс жұмыстары 2022 жылдың күз айында басталған. Нысанды аяқтау 2023 жылдың соңына жоспарлануда. Құрылыс жұмыстарына 100-ден астам жұмысшы мен 40-тан астам техника жұмылдырылған. Ауданның меншігіндегі «Теспе», «Шұбар-Қайшылы», «Ақбұлақ», «Балпан» каналдарын және Ақпан ауылындағы ағын су нысанын жөндеу, су сорғысын қою үшін, сонымен қатар Берген Исаханов елді мекенінен өтетін Арыс өзенінің арнасын бұру жобасына тиісті қаражат бөлінді. Нәтижесінде, жалпы 2432 га жер қайта айналымға қосылады, 1710 га жер телімі толықтай ағын сумен қамтамасыз етіледі. Айта кетейік, өткен жылы «Казсушар» мекемесіне қарасты «Найман», «Қазыналық» және «Р-6» каналдарының құрылыс жұмыстарына қаржы бөлініп, күрделі жұмыстар жүргізілген. Ал «Құртай» каналының күрделі жөндеу жұмыстары биыл басталады. «Тұран су» мекемесінің меншігіндегі 5 каналға («Р-11-С»,«Р-11-К»,«Р-12»,«ЛБК»,«Р-1») күрделі жөндеу өткізу үшін 2023 жылға облыстық бюджеттен 1018 млн.теңге қаралған. Бұл каналдар 2023-2025 жылдары толық жөнделіп бітеді. Одан бөлек,«Р-7», «Құрманбек»,«Р-7-3»,«Р-8», «Р-8-А»,«Р-10-1»,«Р-9» каналдарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан жобалық сметалық құжаттама әзірленуде. Ордабасы ауданында ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Суғармалы егістік көлемі бойынша да алдыңғы қатарда. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде де қол жеткізіп отырған жетістіктері де жетерлік.