Күн жылып, жердің тоңы жібіген кезде басталатын жыл сайынғы көктемгі егіс дала жұмыстары Түркістан өңірінде биыл да қарқынды түрде жүргізілуде. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыруға сәйкес, биыл егістік көлемін арттыру жоспары тұр. Агроөнеркәсіптік кешенде қабылданып жатқан шаралар да ауқымды. Егіс науқанын уақытылы және сапалы жүргізу үшін Министрлікте көктемгі дала жұмыстарының барлық туындаған проблемалық мәселелерін жедел шешуге күш салатын Жедел штаб құрылып, жұмыс істеуде. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Министрлік өңірлермен бірлесіп ауыл шаруашылығы техникасының, тұқым мен тыңайтқыштардың дайындығын қайта тексеруге кірісті. Өңірлерде көктемгі егістік жұмыстарын аяқтау үшін жұмыстар қарқында түрде жүргізілуде. Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Т.Оспановтың айтуынша, минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етуге облыстық бюджеттен 6,5 млрд. теңге бөлінген. Сол арқылы 331,3 мың га алқап тыңайтылады. Бұл дегеніңіз өткен жылдарға қарағанда мол өнім алу мүмкіндігі молаяды деген сөз. Сондай-ақ, «ҚазАзот» АҚ-мен меморандум түзіліп, 60 мың тонна аммиак селитрасын босату келісілген. Селитраның егістік жерлерді тыңайтуға қосар үлесі қомақты екендігін дихандар жақсы біледі. Сондықтан да жыл сайын ауыл шаруашылығына бөлінетін селитра көлемі де артып келеді. Жанар-жағар маймен қамтамасыз ету үшін облысқа 48,2 мың теңге қаралған. Көктемгі егіс науқанында шаруалар жұмысын үздіксіз жалғастыруы үшін барынша жағдай жасалуда. Тұқыммен қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен 600,0 млн. теңге бөлінген. Жыл жылжыған сайын шаруалар сапалы тұқыммен қамтамасыз етілуде. Сапалы тұқымнан мол өнім алынатындығы айтпаса да түсінікті. Күні кеше Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды көктемгі дала жұмыстарының қарқынын арттыру туралы тапсырма берді. Облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелер, көктемгі дала жұмыстарының орындалу барысы талқыланды. Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Көктемгі дала жұмыстары кейбір аудандарда артта қалып келеді. Жаздық дақылдарды егу үшін 488,6 мың гектар алқапты жырту жоспарланған. Бірақ қазір 8 мың гектары әлі дайындалмаған. Сор шаю жұмыстары бойынша да жұмысты күшейту керек. Жаздық дақылдардың егіс көлемі бүгінге дейін 139 мың гектарға немесе 28 пайызға орындалған. Малазықтық дақылдар 46 мың гектарға жоспарланып, 27 мың гектарға немесе 58,5 пайызға орындалған. Бұл жұмыстар кейбір аудандарда төмен. Көктемгі дала жұмыстарын жандандыру керек. Көктемгі дала жұмыстарына жанар-жағармай мен тыңайтқышты жеткізу жұмыстарын да назарда ұстаған жөн. Көктемгі дала жұмыстарын сапалы әрі жүйелі атқаруды, шаруаларға қолдау көрсетуді тапсырамын». Облыс әкімінің қатаң тапсырмасынан кейін аудандардағы егістік жұмыстары бақылауда болатын болады.