Ауыл шаруашылығы Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданында ерекше дамыған. Өзбекстанмен жақын шекарада орналасқан ауданда өнім экспорттау да оңайырақ. Ауданда ауыл шаруашылығының барлық өнімдері өсіріледі. Бұл ретте ауданның жылжайлары елімізге ғана емес, шетелдергеде танымал десек артық айтқандық болмас еді. Түркістан облысындағы Сарыағаш ауданын күнгейдегі жылыжай отаны деуге болады. Өйткені облыстағы жылыжайлардың 50 пайызы осы ауданға тиесілі. Сондықтан сарыағаштық шаруалардың еңбегін жоғары бағалауға болады. Әрі бұл бағыттағы жұмысын ел аумағында жер емген шаруаларға үлгі-өнеге ретінде көрсетіп, тәжірибе алмасуға да үлгі етуге болады. Жыл сайын ауыл шаруашлығына заманауи жаңа технологиялар енгізілуде. Ауылдағы ағайын осындай жаңалықтардан шет қалмауы үшін ауданда жылыжай шаруашылығын дамыту бойынша шеберлік сабақтары жиі өтіп тұрады. Еліміздің әртарабынан тіпті шетелдерден келген мамандар шаруаларға көкөністердің өнімділігін арттыру бағытында тың идеялар айтып, тәжірибе жүзінде көрсетеді. Аталған тәжірибе алмасу сабақтарының берері көп. Онда мамандар жабық топырақта қызанақ, қияр, бақша өнімдерін қалай молынан алуға болатынын және жылыжайды қалай салуды, материал, тұқым, тыңайтқыштар таңдағанда не нәрсеге назар аудару қажеттігін үйретеді. Соның арқасында сарыағаштық шаруалардың атағы алысқа кетіп отыр. Сарыағаш ауданының еңбекқор шаруалары өнімдерді әртараптандыруды қолға алған. Негізінен көкөніс өсірумен айналысатын диқандар өнім саудалау кезінде туындайтын қиындықтарды ескере отырып, көкөністермен қатар жеміс-жидектерді де өсіріп жатыр. Бүгінгі таңда аудан шаруалары қыс мезгілінде құлпынай өсіріп, ерте пісетін жидекті саудалап, мол табыс табуды жоспарлауда. Айта кетсек, қазіргі таңда аудан аумағындағы 271 гектардан астам жерге құлпынай көшеті егілген. Олардың басым бөлігі «Жабай ата», «Абдурахман», «Agro tur» шаруа қожалықтарында өсіріліп, ішкі нарықта саудалануда. Құлпынай өніміне сұраныс артуда. Еліміздің ірі қалаларынан, өңіріміздегі кәсіпкерлер мен тұрғындардан сұраныс мол. Диқандар иелігіндегі алқаптарда өнім түрлерін көбейтіп, кәсіптерін жандандырып отыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірде агроиндустриалды аймақтар құру жұмысы жүріп жатыр. Облыста 74,2 мың шаруа қожалығы тіркелген немесе республикадағы үлесі 31% құрайды. 2022 жылы Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 1 трлн. теңгеден асты.