Бүгінде Түркістан облысында акгрокешендерді дамыту жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы соңғы жылдары кеңінен іске асырылып келеді. Соның арқасында шаруалардың табысы артып отыр. Ерте көктемде ерте пісетін шалғам, асхана асқабағы, қырыққабат сынды өнімдерді егіп, ерте жинап алып, саудалап біткен соң екінші өнімді отырғызу жұмыстары қарқын алады. Одан үшінші өнімді егу… Осылайша бір алқаптан бір жылда екі-үш өнім егіп, жинап алады. Биыл бұл жобаны 9,3 мың гектарға қолдану жұмыстары жүргізілуде. Өнім түсімі мол болады деген жоспар бар. Қай жұмысты да қаржысыз жүзеге асыру қиын. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 4,8 миллиард теңге бөлініп, ұйымдастыру жұмыстарының нәтижесінде АШТӨ-ны несиелендіру жұмыстары облыста алғашқы рет желтоқсан айында басталды. «Ырыс» МҚҰ, «Оңтүстік» АИО арқылы жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен несие берлді. Оны 526 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері алып, игілігіне жаратып отыр. Қосымша тағы 4 миллиард теңге қажеттігі жөнінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныс хат жіберілді. Мәселенің түйіні оң тарқатылады деген үміт бар. Түркістан облысы бойынша агроқұрылымдардың барлығы да жаздық дақылдардың тұқымымен толық қамтамасыз етілген. Егіске қажетті 1,5 мың тонна мақсары, 7,8 мың тонна масақты дақыл, 3,4 мың тонна мақта, 0,5 мың тонна жоңышқа және 0,9 мың тонна жүгері тұқымы бар. Бүгінде өтімділігі өте жоғары картоптың жоғары сапалы тұқымы солтүстік облыстардан жеткізілді. Тұқым шаруашылықтарын қолдауға облыстық бюджеттен 600 миллион теңге бөлінді. Алдағы жылдары жоғары сапалы тұқыммен қамтамасыз ету мәселесі оңтайлы шешу жолдары қарастырылуда. Тұқым жақсы болса өнім де сапалы, түсімі де мол болатыны белгілі. Сондықтан да осы бағытта жұмыстар атқарылмақ.