Бүгінгі таңда Түркістан облысында ағын суды тиімді пайдалану, су шығынын төмендету мақсатында ылғал үнемдеу технологиялары ендірілуде. Облыста су үнемдеу технологиялары пайдаланатын алқап 27,1 мың гектарды құрайды. Оның ішінде, 21 мың гектарға тамшылатып суғару технологиясы, 6,1 мың гектарға жаңбырлатып суғару машиналары орналастырылған. Сонымен қатар, облыста жылыжай шаруашылықтарын дамытуға агроқұрылымдардың қызығушылықтары артуда. Бұл еліміздің халқын жыл бойына жаңа көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта, жылыжайлар көлемі 1 490 гектарды құрайды, немесе республикалық көрсеткіштің 71 пайызы. Былтыр өңірдің жылыжай кешендерінен 91 мың тоннадан астам өнім өндірілді. Бұл маусымдық кезеңде республика халқының 42 пайыз қажеттіліктерін қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда өсімдік шаруашылығында түйінді шешуді қажет ететін бірнеше мәселелер бар. Бірінші: Жылыжай шаруашылығын дамыту. Жалпы, өңірде 1459 гектар алқапта 3 366 бірлік жылыжай орналасқан, Республиканың 71%, онда 12 мыңнан астам адам еңбек етеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірдің жылыжай кешендерінде 90 мың тоннадан астам өнім өндірілді. бүкіл елдің маусымдық қажеттілігінің 42% қамтамасыз етеді. Жылыжай шаруашылықтары маусымаралық кезеңде ішкі нарықты жергілікті көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуде және импорттық өнімдердің үлесін азайтуда маңызды рөл атқарады. Алайда, өңірдің жылыжай шаруашылықтары Орталық Азия шаруашылықтары тарапынан көкөніс өнімдері нарығында жоғары бәсекелестікке ұшырауда. Көрші елдерге қарағанда салқын климаттық ауа-райы (жылыту маусымы 1-1,5 айға созылады), энергия тасымалдаушыларға жоғары тарифтер (жылыжай өнімінің өзіндік құнындағы энергия көздерінің (жарық, газ, көмір) үлесі 45% дейін жетеді) жылыжай өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай төмендетуде. Сонымен қатар, жылыжай шаруашылығын соңғы жылдары мемлекет тарапынан тиісті деңгейде қолдау көрсетілмейтіндіктен, кейбір жылыжайлар дұрыс пайдаланылмайды. Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, болашақта осы сала құлдырып, 12 мыңнан астам адам жұмыссыз қалу қаупі бар. Елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отандық өндірістерді дамыту, жергілікті өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында жылыжайларды мемлекеттік қолдаудың келесі шараларын қабылдауды қажет етеді. Жылыжайларды тиімді пайдалануды қамтамасыз ету үшін жылыжайларды гектарлық субсидиялау бағдарламасын қолданысқа енгізу; Жылыжай шаруашылығын жеңілдетілген несиелеу және айналым қаражатын толықтыру үшін «Кен дала» несиелік бағдарламасына қосу;Инвестициялық субсидиялар бағдарламасы шеңберінде жылыжай кешендерін салуға/кеңейтуге арналған инвестициялық шығындарды өтеу үлесін қолданыстағы 25% — дан 50% — ға дейін ұлғайту; Жылыту маусымы кезеңінде көмір отынын төмен бағамен тікелей жеткізуді қамтамасыз ету. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-сауда және интеграция министрі С. М. Жұманғарин біздің облысқа сапары барысында жылыжай шаруашылықтарының өкілдерімен кездесу өткізіп, осы ұсыныстарға қолдау білдірді. Мемлекеттік қолдаудың тиісті шараларын қабылдаған кезде жылыжайлардың жалпы ауданын қосымша 500 гектарға ұлғайту мүмкіндігі бар. Нәтижесінде республика халқының қажеттіліктері жылыжайларда өндірілген көкөніс өнімдерімен маусымдық кезеңдерде толық қанағаттандырылатын болады.