Елдің экономикалық және әлеуметтік дамуы – су қауіпсіздігін қамтамасыз етумен тікелей байланысты. Республикадағы суармалы жерлердің төрттен бір бөлігі немесе 552 мың гектары Түркістан облысына тиесілі. Трансшекаралық өзендерді тиімді пайдалану біз үшін бірінші кезекте тұрған мәселе. Облысымызға тиесілі жылдық су пайдалану лимитінің 63%-ы көрші мемлекеттердің аумағынан келеді. Ал пайдаланылатын судың 83% — дан астамы ауыл шаруашылығына бағытталады (Қалған 17 % балық, өнеркәсіп, ауыз су, экология). Қазіргі таңда, Шардара су қоймасында 4,6 млрд.м3, Көксарай су реттегішінде 1,1 млрд.м3 су бар. Жалпы суару маусымын қалыпты деңгейде өткізу жоспарлануда. Түркістан өңірінде орташа есеппен жыл сайын 210 млн. текше метр ағын су тапшылығы орын алған болатын. Осы мәселені шешу үшін, облыста бір қатар су нысандарының құрылыстары басталып, 2 ірі су нысандары пайдалануға берілді. 1. Сыйымдылығы 18 млн. текше метрді құрайтын «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы салынып, нәтижесінде, жылына қосымша 34 млн. текше метр ағын суды жеткізуге мүмкіндік ашылды. 2. Түркістан магистралды каналының 59 шақырымын бетондау арқылы жылына 60 млн. текше метр ағын су үнемдеуге қол жеткізілді. Каналдың су өткізу құрылымдарына Австралиялық «Рубикон Воутердің» автоматтандыру жүйесі орнатылды. Айта кететін жағдай, көктемгі тасқын сулардың болу тәуекелділігі таулы аймақтарда жоғары болып табылады. Ағымдағы жылдың 2-3 ақпанында жаңбырдың толаусыз жауыы, таулы аудандарда мол қардың еруі салдарынан 4 ауданда 21 елді-мекеннің 234 ауласында су басу қауіптілігі орын алған болатын. (Кентау (Қарнақ) қаласы мен Бәйдібек (Мыңбұлақ, Қосбұлақ, Шаян, Таңатар, Ынтымақ, Ақбұлақ, Шақпақ, Бірлік), Сауран (Бабайқорған, Абай, Үлгілі, Орангай, Майдантал, Шаға), Ордабасы (Темірлан, Шұбар, Бадам, Шұбарсу). Жедел атқарылған іс-шаралар: Кептелістегі мұздарды жару, елді мекендерге келген суларды каналдарға дер кезінде бұру нәтижесінде қауіп қатерлердің алды алынды. Ендігі кезекте төтенше жағдайлардың алдын алу және артық суды жинап тиімді егістікке пайдалану мақсатында, «Боралдай» (50 млн.м3, жоба құны 15 млрд. тг.), «Бәйдібек ата» су қоймасын салу (68 млн.м3, жоба құны 16,9 млрд. тг.) жобалары әзірленуде. Бұл жобалар арқылы суару маусымында «Бөген» су қоймасына қосымша 130,0 млн.м3 ағын су жеткізіледі. Айта кететін жағдай көктемгі тасқын су кезеңінде артық суларды «Бөген» су қоймасына қабылдай алмай, Арыс өзені арқылы Сырдария өзеніне тастауға мәжбүрміз. Биылдың өзінде тасқын сулардың есебінен 230 млн.м3 ағын су Сырдария өзеніне амалсыздан тасталынды (АМК су өткізу қабілеті 45 м3/сек). Сондықтан да артық сулардың ысырабына жол бермеу үшін бұл жобалар біз үшін өте маңызды. «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылыс жұмыстарын бастауға 2023 жылға Республикалық бюджеттен 5,0 млрд. теңге қаржы қажет. Бұл бойынша ҚР ЭТРМ-не бюджеттік өтінім ұсынылды. Сауран ауданы аумағында орналасқан «Майдантал» және «Ырмақ өзен» су қоймалары 2022 жылы аудандық коммуналдық меншіктен облыстық коммуналдық меншікке қабылданды. Су қоймалар облыстық меншікке қабылданғанға дейін 50 %-дан артық су жинау мүмкіндігі жоқ болатын. Себебі су қоймалардың гидротехникалық жағдайы сын көтермейтін (төтенше жағдай қауіптілігі бар). Ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен қаржы қаралып жүргізілген ағымдағы жөндеу жұмыстарының нәтижесінде су қорын 100 % -ға дейін жеткізуге қол жеткізілді. Сонымен қатар, айта кететін жағдай облыста ұзындығы 12,3 мың шақырымды құрайтын 3147 каналдар болса, оның бүгінгі таңда 9,3 мың шақырымы немесе 76 пайызыны жөндеуді қажет етеді. Осыған орай, басымдылыққа және қаржы мүмкіндіктеріне байланысты, 2023 – 2027 ж.ж. каналдарды жөндеуді кезең-кезеңге бөліп отырмыз. Қажетті қаржы көлемі 117,5 млрд. теңге. Нәтижесінде, 155 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсаратын болады. Аграрлық саланы қарқынды дамытуда жыл-сайын туындайтын ағын су мәселесі жүйелі күрделі проблемаға ретінде қалыптастып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша азаматтарды жеке және қоғамдық қабылдау барысында, ауыл шаруашылығы жөніндегі өтініштері мен пікірлерінің 80 % астамы ағын су мәселесін қозғаумен қатысты болуда.