Қазақстанның табиғи және климаттық жағдайына байланысты ауыл шаруашылығының бірнеше бағыты жолға қойылған. Оның ішінде мал шаруашылығы, бау-бақша, егін шаруашылығы және балық шаруашылығы кеңінен дамыған. Қазақстанның жалпы жер көлемінің 80% жуығы ауыл шаруашылығына қолайлы болып табылады. Ал оның 11% жуығы егістікке арналған жерлер болып есептеледі. Жалпы алғанда Қазақстан Республикасының 22,582,3 мың гектар аумағы ауыл шаруашылық дақылдарын егуге арналған жер. Оның ішінде Түркістан облысы аумағында 847,9 мың гектар жер ауыл шаруашылығы егістіктеріне пайдаланылады. Бұл Түркістан облысының еліміздің оңтүстік аймағында орналасқандықтан, табиғи климаттық жағынан және жерінің құнарлығы тұрғысынан ауыл шаруалығына қолайлы өңір екенін көрсетеді. Себебі, аталмыш аймақта шаруашылық түрлері ежелгі кезеңдерден бастап дамып, мал шаруашылығының, егіншілік, бау-бақша өсірудің дәстүрлі формасы сақталған. Қазіргі уақыттың өзінде Түркістан облысының ауыл шаруашылық көрсеткіштері еліміз бойынша алдыңғы қатарлы нәтижеге қол жеткізіп отыр. Мысалы, Қазақстан бойынша ет өңдеу өнеркәсібі бойынша Түркістан облысы алғашқы орынға шықты. Бұл облыс төңірегінде ет өндіру көлемі 154,7 мың тоннаға жетті. Оның 9,6 мың тоннасы Өзбекстан, Иран, БАӘ елдеріне экспортталды. Бұл республика бойынша жалпы ет экспортының 54% құрады. Мұны өңірдегі мал басының өскенімен және мал бордақылау кәсібінің жақсы дамығанымен түсіндіруге болады. Осы көрсеткішті салыстырсақ, облыс көлемінде шетелге 4202,40 тонна ет өнімдерін экспортталған. Оның ішінде ірі қара, қой және құс етінің сұранысы жоғары. Алдағы уақытта Түркістан облысы, Сайрам ауданында 21,000 бас малға арналған бордақылау кешені салынатын болады. Жалпы Түркістан облысы көлемінде өндіріліп отырған мал шаруашылығы өнімдерінің қатарына еттен бөлек, сүт өнімдері мен жұмыртқа өнімдері кіреді. Бұл «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың бағдарламасы» аясында жолға қойылып келеді. Сонымен қатар, бұл салада “Етті мал шаруашылығын дамытудың 2018–2027 жж. арналған бағдарламасының” да маңызы зор. Бұл бағдарлама шеңберінде 2027 жылға қарай республика бойынша отбасылық фермалардың санын 20 мыңнан — 100 мыңға, жұмыс күшін 100 мыңнан — 600 мыңға, еттің экспорт көлемін 30 млн доллардан — 2,4 млрд долларға, ет өндеу комбинаттарын 14 тен 21 ге жеткізу көзделген. Түркістан облысының ауыл шаруашылығы егін шаруашылығының дамуымен де ерекшеленеді. Өсімдік шаруашылығындағы өндіріс көлемі 37,8 млрд теңге болды. Облыс бойынша көкөніс-бақша дақылдары 8,1 мың гектарға, майлы дақылдар 1,9 мың гектарға артып, сәйкесінше мақтаның егіс көлемі 16,3 мың гектарға кеміді. Ал облыс көлеміндегі жылыжайлар жаңадан 73 гектарға артты. Бұл жалпы көлемі 1,320 гектарды құрап, республика бойынша жылыжайлардың 71% қамтиды. Сонымен қатар, Түркістан облысындағы жылыжайларда тамшылатып суару технологиясы жолға қойылған. Сонымен қатар облыстың табиғи климаттық жағдайының қолайлы болуына байланысты жылыжайларда жыл бойы өнім алу технологиясы іске асырылып жатыр. Қазіргі кезде Сайрам, Сарыағаш аудандарында орналасқан жылыжайлар облыс экономикасының тұрақты дамуына және жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуіне жағдай жасап отыр. Салыстырып қарайтын болсақ Түркістан облысы ауыл шаруашылығы өнімі республика көлемінде 14% құрайды. Түркістан облысы агросекторының алға жылжуының маңызды шартының бірі көлік және логистикалық саланың дамуы болып табылады. Бұл тұрғыда, облыс территориясынан басып өтетін Батыс Еуропа – Батыс Қытай тас жолы ауыл шаруашылық өнімдерін еліміз бойынша еркін тасымалдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, облыс ауыл шаруашылық өнімдерін басқа да елдерге тасымалдауға жағдай жасайды. Дегенмен ерте кездерден жолға қойылған дәстүрлі шаруашылық түрлері облыс экономикасында шешуші сектор болып қала беруде. Қазіргі кезде Түркістан облысы ауыл шаруашылығы негізгі капиталына 28,4 млрд теңге (66,9 млн доллар) инвестиция тартылып, 2,2 есе артқан. Облыс көлемінде 68,7 мың шаруа қожалығы тіркелген. Бұл республикалық көрсеткіштің 32% құрайды. Аталмыш шаруа қожалықтарында 177,6 мың адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, Түркістан облысынан ауа райының қуаңшылығынан аса зардап шеккен Маңғыстау облысына 95 вагон 3,0 мың тонна шөп жеткізілді. Түркістан облысының агро өнеркәсібін дамытуда көптеген ұтымды тұстары бар, соның ішінде табиғи климаттық, көліклогистикалық құрылымдар болып табылады. Сонымен қатар, облыс көлемінде суармалы жерлерді кеңейту мәселесі де бар. Бұл тұтас сектордың негізгі мәселесінің бірі болып табылады. Бұл тұрғыда қазіргі кезде облыс бойынша «Сарқырама су қоймасын», «Сырдария өзенінен канал тарту», «Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту» сияқты кең көлемде су үнемдеуге арналған жобалар қолға алынуда. Сонымен қатар, Түркістан облысының ауыл шаруашылық секторының маңыздылығы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында Түркістан қаласы айналасында 11,0 мың гектар азық-түлік белдеуін құру жобалары іске асырылуда. Қорытындылай келе, Түркістан облысы ауыл шаруашылығының көрсеткіштері Қазақстан бойынша зор нәтижелерге қол жеткізуде. Бұл облыс көлемінде агросектордың жан-жақты дамып келе жатқанын көрсетеді. Соның ішінде ауыл шаруашылық саласында жаңа технологияларды тиімді пайдалану облыс экономикасының маңызды драйвері болып табылады. Агросектордағы инновациялық технологияларды игеру жаңа маман иелерінің аталмыш салаға келуіне жағдай жасайды. Дәулет Жайлыбаев