Биыл Түркістан облысында 860 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру жоспарланған болатын. Бүгінде шаруалар жоспарланған межені асыра орындап та үлгерді. Оның ішінде ашық жер көлемі 552 мың гектарды құрайды. Облыстағы құнарлы жердің 30 пайызы оңтүстік өңірлер – Жетісай, Мақтаарал аудандарында. Егістік алқаптарын ағынды сумен қамтамасыз ету мәселесі бүгінде басты назарда тұр. Мақтаарал мен Жетісай аудандарындағы барлық құнарлы жерлер Өзбекстан Республикасынан өтетін трансшекаралық «Достық» магистральдық арнасы арқылы тршілік көзімен қамтамасыз етілген. Бүгінде сұранысқа сай шаруа қожалықтарын сумен қамтамасыз ету мақсатында механикалық канал іске қосылып, қажетті мөлшерде су берілуде. Бүгінгі таңда облыста 488,6 мың гектар жерді жырту, 115 мың гектар жерді тұзды жуу жұмыстары аяқталды. Қазір шаруа қожалықтарының суды ысырап етуіне жол бермеу және су беру тәртібін реттеу мақсатында облысымызда нақты тариф бекітілген. Нәтижесінде шаруа қожалықтарына суды қажеттіліктеріне қарай бөлу тәртібі жүзеге асырылды. Сонымен қатар, су шығынын азайту мақсатында Түркістан магистральдық каналының бір бөлігін темірбетонмен жабу жұмыстары аяқталып, бөгеттердегі су есептегіштері тіркелді. Бүгінде «Шардара», «Қосқорған», «Кеңсой-Қосқорған» су қоймалары мен «Көксарай» су реттегішінде су жеткілікті. «Тұран су» биыл Ордабасы, Сауран аудандары мен Арыстағы 230 шақырым каналды механикалық тазалауды жоспарлаған болатын, бүгінде оның 72 шақырымы тазартылды. Ескірген су шаруашылығы нысандарын қалпына келтіру жұмыстарын жандандыру мақсатында Сайрам ауданында апатты жағдайға ұшырау қаупі төніп тұрған «Ақбай-Қарасу» каналын толық жөндеу, Шардара ауданындағы каналдарды жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Келес ауданындағы каналдар да жөндеуден өткізілді. Сондай-ақ, бес аудандағы 12 су қоймасын облыс балансына беру жұмыстары жүргізілуде.