Сенатор Алишер Сатвалдиев депутаттық сауалында еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі диқандардың суды пайдаланудағы мәселесін көтерді. Депутат Түркістан облысындағы шаруалардың мәселесіне тоқтала келе, Отырар мен Сауран өңірі тұрғындарының 60 пайыздан астамы егін шаруашылығымен айналысатынын баса айтты. Суармалы су бағасының 2,5 есеге өсуі шаруалардың жұмысында айтарлықтай қиындықтар туғызып отыр. Енді олар текше метрі үшін 700 теңгеден жоғары төлеуге мәжбүр болса, облыстың көрші аудандары суды арзанырақ, текше метрін 285 теңгеден алып жатыр. «Өңірдегі көрші аудандар мен ауылдар Түркістан магистральдық арнасынан су алады. Түркістан магистральдық арнасы ҚР Үкіметінің 2019 жылғы қаулысына сәйкес, Түркістан облысының коммуналдық меншігіне беріліп, «Тұран-су» ШЖҚ МКК-нің теңгеріміне өткен. «Тұран-су» мекемесінің су жеткізу қызмет ақысы 1000 текше метр үшін 284 теңгені құрады. Ал Ескі Иқан және Шілік ауыл округтеріндегі арналар Түркістан магистральдық арнасынан бастау алғанымен «ҚазСуШар» РМК теңгерімінде. Бұл ауылдардағы су бағасы 1000 текше метрге 701,12 теңге шамасында. Тұрғындарының 60% астамы диқаншылықпен айналысып отырған ауыл тұрғындары үшін шарықтап тұрған су бағасы кәсіпті жүргізуге қиындық туғызып отыр. Көптеген шаруалар егін шаруашылығымен айналысудың тиімсіздігін алға тартып, егін егу науқаны басталып кетсе де, жерлерін игермей жатыр», — деді сенатор Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған сауалында. Осыған байланысты депутат Министрлер кабинетінен жоғарыда аталған аудандардың шаруа қожалықтары үшін тарифті төмендету мәселелерін қарастыруды, сондай-ақ «ҚазСуШарға» тиесілі ішкі арналарды «Тұран-су» коммуналдық кәсіпорнының балансына беруді сұрады.