Қойнауы қазынаға толы оңтүстік өңірі үшін биыл жемісті жыл болды. Жыл соңына қарай қазына қамбасын еселей түсетін түсім биыл жылдағыдан қомақтырақ. Өткен жылдың қорытындысымен салыстыра қарағанда жалпы өңірлік өнім өндіру бойынша республикада тұрақты 5 орынға табан тіреді. Күнгейден кейін де қаншама облыстар бар екенін есептегенде бұл орынның өзі алқамшүкір дегізерліктей. Оңтүстіктің табиғи ерекшеліктеріне қарай әр ауданда белгілі бір өнімнің түрі ойынша кластерлік жүйе қалыптастыру қолға алынуда. Мәселен, Түлкібас ауданында алма кластерін дамытылу үстінде. Бүгінгі таңда аудан көлемінде апорт алмасын өсіретін алқаптардың көлемі 200 гектарға жетті. Ал Отырар ауданның брендіне айналған жүгері дақылы биыл 7 мың гектарға егіліп, әр гектарынан 120 центнерден өнім алыныпты. Отырар өңірі 2020 жылға дейін алқапты 15 мың гектарға жеткізіп, жүгері кластеріне жол ашпақ. Түркістанда мақта кластері, Қазыұрт ауданында жүзім кластері дамытылмақ. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 319,6 млрд. теңгені құраса, оның ішінде мал шаруашылығында – 150,3 млрд. тг, егін шаруашылығында — 168,6 млрд. тг. өнімі өндірілді. Алдағы уақытта сүт кластерін дамыту қолға алынбақ. Биыл облыс бойынша диқандар рекордтық көрсеткішке жетеқабыл астық жинады. Оңтүстiктiң шаруалары 214,4 мың гектар жерге егiлген масақты дәндi дақылдардың әр гектарынан 22 центнерден, барлығы 470 мың тонна өнiм жинады. Бұл – Қазақстанның егемендiк алған жылдардан бергi өңiр диқандарының жеткен жоғары жетiстiгi. Мәселен, Қазығұртта 42 мың гектар жерге егiлген астықтың әр гектарынан 26,5 центнер, Төлеби ауданында 20,6 мың гектар астықтың гектарынан 26 центнерден, ал, түлкiбастық шаруалар 24,8 мың гектар алқаптан 25,2 центнерден маржан дән жинаған.