Жылыжайлар мекені Оңтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Биыл бұл салаға 29 миллиард теңге бағытталып отыр. Қыруар қаржы өз мақсатында жұмсалған жағдайда егіс көлемін ұлғайып, иесіз жерлер игеріліп, заманауи технологиямен тамшылатып суғару әдісі кеңінен енгізіліп, жылыжай және қарқынды бау құрылыстары, мал басын асылдандыру жұмыстары қарқынды дамитыны сөзсіз. Биыл ауыл шаруашылығы саласы өнімділігімен есте қалмақ. Күзгі жиын терім есеп қисабынан белгілі болғаны жалпы өнім көлемі 123 млрд. теңгені құрап, 2 пайызға артқан. Дәндік жүгеріден 108,4 мың тонна, көкөністен 811мың тонна, бақшадан 1 252 мың тонна, картоптан 195 мың тонна, масақты дақылдардан 470 мың тонна өнім жиналған. Тамшылатып суғару әдісі қосымша 6000 жуық гектарға ендіріліп, жалпы көлемі 49,7 мың гектарға жетіп отыр. Бұл республикадағы тамшылатып суару егістігінің 73 пайызын құрайды. Еліміз бойынша ең көп жылыжай күнгейде екені белгілі. Республика бойынша жылыжайдың 87 пайызы оңтүстіктің орталығында. Биыл жылыжайлардан алынған өнім көлемі ауыз толтырып айтарлықтай. Жылыжайлар қосымша 72 гектарға салынып, жалпы 1 098 гектарға жетті. Осы жылыжайлардан 80 мың тонна көкөніс өнімдері жиналды. Ал терең қопсыту технологиясы 89 мың гектарға енгізілді. 4000 астам ұсақ шаруашылықтарды біріктіретін 47 кооперативтер құрылып, 9 МТС ашылды. Егіс көлемі өткен жылдан 13 мың гектарға артып, 788 мың гектарды құрады. Суармалы 466 мың гектар жердің 93 пайызы игерілуде. Келер жылы арттырылған егістік көлемінің ұлғаюына байланысты түсім тіптен көп болады деген үміт басым.