Халықты сумен жабдықтау әрдайым басты назарда тұрған мәселе. Осы тарапта Экология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Темірбекұлы халықты сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатқан топтық су құбырларын салу және қайта жаңарту жұмыстары бойынша мәлімет берді. «Су ресурстары комитеті республикалық меншіктегі топтық су құбырларының жұмысын және дамытуды қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта республика бойынша ұзындығы 15,5 мың км 80 топтық су құбыры болса, оның ішінде ұзындығы 13,4 мың км құрайтын 39 топтық су құбыры республика меншігінде. Олар 1,4 миллион тұрғыны бар 655 ауылдық елдімекенді ауыз сумен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, топтық су құбырларын салу және қайта жаңарту бойынша министрлік тарапынан 8 жобаны іске асыру жоспарлануда, онда 22,3 мың халқы бар 41 ауылдық елдімекенді қамтиды. Оның 3-уі Ақмола облысына тиесілі болса, 3 елдімекен Қызылорда облысына, 35 елдімекен Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан»,-деді Мақсат Темірбекұлы. Су ресурстары комитетінің негізгі міндеті — жергілікті су көздері жоқ елдімекендерге магистральды желіні тарту болса, одан әрі ағынды суды тиісті аймақтар мен тұрғындарға жеткізу Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың құзіретінде. Осы орайда, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Әзімбек Пазылбекұлы еліміздегі халықты ауыз сумен қамту шаралары туралы баяндады. «Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жүргізілген түрлі бағдарламалардың арқасында бүгінгі таңда халықтың суға деген қолжетімділігі 96,8% құрап отыр. Бұл 19,7 млн халықтың 19,1 млн-ы сумен толық қамтамасыз етілген дегенді білдіреді. Қалған азаматтарға 2025 жылдың соңына дейін толыққанды ауыз су қолжетімді болады.Тұщы жерасты суларының ресурстары оңтүстік өңірлерде шоғырланған. Ол тұщы судың 57%-ын құрайды. Атырау, СҚО, Маңғыстау, Қостанай және Ақмола облыстарының тұщы жерасты суларының ресурстары, өкінішке орай, шектеулі», — деді Ә. Пазылбекұлы. Осы орайда Түркістан облысында ауыз сумен қамту шараларында анау айтқандай проблема жоқ. Өткен жылы ауыз сумен жабдықтау саласы бойынша өңірде 58 нысанның құрылысына бюджеттен қаражат бөлінген. Осы арқылы 25 нысан пайдалануға берілсе, қалған 33 нысанның құрылысы ағымдағы жылға аяқталады. Нәтижесінде 20 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етілсе, 8 ауылдың тозығы жеткен құбырлары қайта жаңартылған. Қазір облыстағы 841 елді мекеннің 717-сіне таза ауыз су жеткізілді. Ал, ауыз сумен жабдықтау саласы бойынша 38 нысанның құрылысына бюджеттен қаржы бөлініп отыр. 28 нысан биыл пайдалануға берілсе, қалған 10 нысанның құрылысы 2023 жылға өтпелі. Жоспар бойынша жыл қорытындысымен 24 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етілсе, 14-інде тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылмақ. Осы жұмыстар нәтижесінде ауыз сумен қамтылған елді мекендер саны 741-ге жетеді.