Мал шаруашылығы қызметкерлерінің өткен кәсіби мерекесіне арналған дөңгелек үстелде саланың жетістіктері мен өзекті мәселелер туралы айтылды. Кездесуге Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Парламент депутаттары мен отандық мал өсірушілер қатысты. Бүгінде мал шаруашылығы еліміздің АӨК-нің негізгі салаларының бірі болып табылады. Оның үлесіне ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің шамамен 40% тиесілі. АШМ басшысы саланы дамытудың сапалық көрсеткіштерін атап өтті. 2022 жылдың қорытындысы бойынша, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 0,9% ұлғайды, ал биылғы жылдың 5 айында өсім 3,6% құрады. Соңғы 10 жылда елімізде мал шаруашылығының генетикалық әлеуеті артты. Мемлекеттік қолдау шараларын күшейту есебінен малдың барлық түрлері бойынша асыл тұқымды малдың үлес салмағы өсті. Мәселен, асыл тұқымды ірі қара малдың үлес салмағы ІҚМ жалпы басына қарағанда 7%-дан 13,5%-ға дейін ұлғайды, деп атап өтті министр. Өткізу нарығын кеңейту үшін обаға қарсы іс-шаралар кешені іске асырылуда және ДДСҰ-мен солтүстік-батыс өңірлерде вакцинациялаумен аусыл бойынша салауатты мәртебесін қалпына келтіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Министрдің пікірінше, бұл тәжірибе саланы одан әрі дамытудың, ауыл шаруашылығы жануарларын қорғаудың бастапқы нүктесі болады, сондай-ақ қазақстандық ет экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Айта кетейік, былтыр жануарлардың жұқпалы аурулары бойынша қолайсыз пункттер саны 13,5%, ал биылғы жылдың 5 айында 2 еседен астам қысқарды. Қазір эпизоотиялық салауаттылықты қамтамасыз ету мәселелерінде аймақтандыру қағидатын өзара тану арқылы ҚХР, РФ және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің экспорттық нарықтарын ашу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұдан басқа, ВАК шешімімен 2023 жылғы 24 желтоқсанға дейін елден 60 мың бас бұқашық мен 120 мың бас тоқтыны әкетуге экспорттық квоталар ұзартылатын болады. Тиісті бұйрықтың жобасы жариялау сатысында тұр. Сондай-ақ Ербол Қарашөкеев отандық кәсіпорындардың мал өнімдерін импорттаушы елдердің тізіліміне енгізу жөніндегі жұмыс туралы айтып берді. 2020 жылдан бастап олардың саны 35% — 2484-тен 3357-ге дейін өсті. АШМ басшысы саланы субсидиялау тетігін жетілдіруге де жеке тоқталып өтті. Кездесуге қатысқан мал өсірушілер өз ұсыныстары мен ескертулерін айтты, олар алдағы жұмыста ескерілетін болады. «Түркістан облысы бойынша 1 маусымдағы жағдай бойынша мал шаруашылығы саласында 181,6 млрд теңгеге өнім өндіріліп, өсім 102,8%-ды құрады. Ауыл шаруашылығы жануарларының саны 8 млн-нан асып, өткен жылмен салыстырғанда орташа есеппен 4%-ға артты. Облыста етті экспорттау қарқынды дамуда. Өткен жылдың қорытындысымен 15,7 мың тонна ірі қара мал еті, 8 мың тонна қой еті экспортталды. Осы жылдың қазіргі көрсеткіштері ірі қара мал еті бойынша 5 мың тоннаға, қой еті бойынша 2,6 мың тоннаға жетті. Жалпы облыста мал шаруашылығы көрсеткіштері оң динамиканы көрсеткенімен, жайылымдық жерлердің тапшылығы орын алып отыр. Жыл басында жалпы жайылымдық жер тапшылығы 2 млн 122 мың га болды. Осы орайда ортақ жайылым көлемін биыл 1 млн 15 мың га-ға ұлғайту жоспарланды. Оның ішінде жыл қорытындысы бойынша 333 мың га жер ортақ жайылымға қайтарылады, қалған 682 мың га-ға елді мекендердегі жайылым жүктемесін төмендету арқылу қол жеткізу жоспарлануда. Есепті кезеңде 102 мың га жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Жыл қорытындысы бойынша жоспар толығымен орындалады. Сонымен қатар мал шаруашылығын дамыту аясында жайылымдық жерлерге түсетін жүктемені төмендету мақсатында басымдық мал бордақылау алаңдары мен тауарлы-сүт фермаларын ашуға берілуде. Бұл бағыттарда биыл бірқатар ірі инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Атап айтқанда, мал бордақылау алаңдарының саны артады. Биыл 8 млрд теңгеге сыйымдылығы 37 мың 350 басты құрайтын 10 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ 13 млрд теңгеге 2 мың 380 басқа арналған тауарлы-сүт фермалары салынып, 139 жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарланған. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында мал бордақылау бағыты бойынша 695 млн теңгеге 157 жоба, тауарлы-сүт фермалары бағыты бойынша 788 млн теңгеге 170 жоба мақұлданды. «Мал шаруашылығын дамыту үшін барлық шара қабылданып жатыр. Бұл бағыттағы мәселелер – тұрақты бақылауда», — деді өңір басшысы.