«100 нақты қадам» Ұлт жоспарында азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету, азаматтық дауларды сотқа жеткізбей алқа билер арқылы шешу, медиация арқылы ымыраға келтіру сынды 16 қадамнан бастап кеңінен тоқталған. Осыған орай жуырда ОҚО Бәйдібек аудандық сотының төрағасы Ә.Бекназаровтың қатысуымен Мыңбұлақ ауылдық округінде медиация туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Күн тәртібінде жалпы медиация туралы, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар туралы, ауыл округтегі медиаторлардың жұмысымен таныстыру мәселелері талқыланды. Аудандық соттың төрағасы Ә.Бекназаров жалпы «Медиация» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «ымыраға келтіру, бітімгершілікке келу» деген мағына береді. Бұл заң елімізде 2011 жыл қабылданып, 2012 жылдан бастап қолданысқа енді. Жалпы аудан көлемінде 22 кәсіби емес медиаторлар жұмыс жасап жатыр. Кәсіби медиаторлар дегеніміз- арнайы оқыған сертификаты бар мамандар және олардың қызметі ақылы, ал кәсіби емес медиаторлар ауыл билері, ақсақалдар, халыққа сөзін өткізе алатын ел ағалары, сыйлы азаматтар. Бұл екі топтың да мақсаты бір. Яғни, ел ішінде болып жатқан кішігірім дауларды сотқа жеткізбей дауласқан екі тарапты ымыраға, бітімгершілікке келтіру. Медиаторлар екі жақтың мәселесін «құпия» ұстау керек яғни, жеке кабинетте өзара шешіп, талқыланған мәселе тек медиаторлар мен екі тараптың арасында ғана қалуы тиіс. Егер медиаторлар құпия ұстамаған жағдайда құқықтық жауапкершілікке тартылады. Жалпы аудан көлемінде қаралған 100-ден аса істің 70-ке жуығы осы медиация жолымен шешімін тапты. Ішкі істер органдарымен де бірлесіп ауыр емес ,орта санаттағы қылмыстық істерді де медиаторлардың көмегімен бітіріп жатқан жағдайларда бар. Бірақ ауыр және аса ауыр қылмысты және қоғамға қарсы жасалған қылмыстарды қарауға медиаторлардың көмегі жүрмейді. Қоғамға келтірген зияны үшін қылмыскер тек заң алдында жауап береді. ҚР Коституциялық заңындағы 73 бап яғни елдің ішінде жиі кездесетін отбасылық дауды шешуде осы медиаторлардың көмегіне жүгінуге болатындығын» кеңінен түсіндіріп өтті.