ОҚО Қазығұрт аудандық әкімдігінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша емдеу-профилактикалық қызметті үйлестіру жөнінде облыста құрылған жұмыс тобы ауыл әкімдеріне және мемлекеттік қызметкерлерге ақпараттандыру, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 80-ші қадамында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу жайлы кеңінен айтылғаны белгілі. Жиналғандарға 2015-жылы қабылданған ҚР «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңын жан-жақты таныстырды. Бұл Заң мемлекет, жұмыс беруші және азамат арасындағы әріптестік принциптеріне негізделген міндетті медициналық сақтандыруды енгізуді көздейді. Ал, қолданысқа енгізілу тәртібі осы Заңның 41-ші бабында көрсетілген. Бұрын азаматтардың денсаулығына медициналық көмек көрсетуге мемлекет жауапты еді. Енді, жұмыс беруші де, адамның өзі де жауапты болмақ. Сондай-ақ, бірыңғай қор құру жоспарланған. Қор көрсетілетін қызмет түрлерін кеңейтуге мүмкіндік береді. Мәселен, медициналық сақтандыру қорын құруда медициналық сақтандырудың екі пакеті жазылған: бірінші, базалық пакет – мемлекет кепілдік еткен бюджет есебінен көрсетілетін медициналық көмек; екіншісі медициналық сақтандыру қорыннан беріледі. Екінші пакетке амбулаторлық –емханалық, стационарлық көмекті, денсаулығын қалпына келтіру мен реабилитациялау енгізілген. Екінші пакетті иелену құқығы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қатысушыларына беріледі.
Мемлекет жауапкершіліктен бас тартпайды және бұрынғысынша азаматтарға тегін қызмет көрсететін болады. Оған шұғыл медициналық көмек, вакцина егу, емханалық қабылдау сынды 12 әлеуметтік маңызды қызмет түрлері кіреді. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандар, зейнеткерлер, көп балалы аналар және әлеуметтік аз қамтылған тұрғындар жарна төлеуден босатылады. Медициналық сақтандыруға көшу бірте-бірте жүзеге асырылады. Жылына екі рет жарна төлесеңіз, міндетті медициналық сақтандырудың қатысушысы бола аласыз. Заңда экономикалық жағынан белсенді емес тұрғындарға жарнаны мемлекет, ал жұмысшыларға жұмыс беруші төлейтіні айтылған. Өзін-өзі қамтушы тұрғындар жарнаны өздері төлейді.
Гүлнұр ЖОЛДАС