25 жылдық мереке барысында сауапты тірліктердің де молайып жатқаны қуантады. ОҚО-на қарасты Шардара ауданының белді кәсіпкері Дәулет Бектасов бүгін өзінің иелігіндегі «Ақ дастархан» мейрамханасына 250 адам шақырып, мерекелік дастархан жайды. Дастарханға мүмкіндігі шектеулі азаматтармен қатар желтоқсан оқиғасына, және Семей полигонына қатысқан азаматтар шақырылды. Сондай-ақ, ауыл ақсақалдары да төрден орын алды. Дастархан басында аудан әкімінің орынбасары Бақтыбай Әліпов сөз сөйлеп, жиналғандарды Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен және 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күнімен құттықтады. Тұрғындардың көңілін аулап, осындай сауапты іс-шара ұйымдастырып отырған кәсіпкер Дәулет Бектасовқа халықтың атынан алғыс айтып, оған аудан әкімдігі атынан «Алғыс хат» табыс етті. Мереке барысында аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Тоқсанбай Бердібеков, желтоқсан оқиғасына қатысушылар атынан Сапарғали Ахметов, Семей полигонына қатысушылар атынан Назар Тоқсанбаев, ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Қылыш Сәтпаевтар жақсы лебіздерін айтып, Дәулет бауырларына алғыс сезімдерін білдірісті. Ауданда құрылған «Ақ әжелер» ансамблі әсем әннен шашу шашып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.