Мықты маманға қай жерде де орын бар. Бүгінгі қоғам білімді, білікті, интеллектуалдық деңгейі жоғары, әмбебап мамандарға сусап отыр. Жоғары технология өмірімізге дендеп енген сайын жоғары білімді мамандарға деген талап та өсе тусуде. Қазіргі жастар ұғымтал, жаңалықтың бәрін қағып алады деушілер бар. Арасында ілкімді, ісін ілгерілете алатын, ұжымның «миы» болуға жарайтын қабілетті жастар баршылық. Кеңес Одағы кезінде жастар Жоғарғы оқу орнын бітірген соң үш жыл отработкада болатын. Оларға кәсібінің қыр сырын қолына таяқ ұстатқандай ұқтыратын шеберлер бекітілетін. Сөйтіп жастар үлкендердің жетегімен жүріп үйренетін. Желдиірмендей жедел қарқынмен алға жылжып бара жатқан заман қалғуды қажет етпейді. Сондықтан да бүгінгі студент, ертеңгі дайын маманды қалыптастыру бүгінгі күннің еншісінде. Бүгінгі студент университет қабырғасында жүріп-ақ бизнес жоспар жасай алуы қажет. Бұл жағынан алғанда, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-і «Кәсіпкерлік негіздері» кафедрасының атқарып отырған шаруасы шаш етектен. Бұл кафедраның іргетасын қалыптастыру әу баста академик Марс Фазылұлы Үркімбаевтың идеясы болатын. Әзірге мұндай кафедра Қазақстанның үш-ақ облысында бар. Уақыт талабына сай, өміршең идея өз жемісін бере бастады. Бизнестің қыр-сырын үйренген оқу орнының түлектері бүгінде еліміздегі ірі компаниялар мен корпорацияларда жемісті еңбек етіп жүр. Осы орайда М.Әуезов атындағы ОҚМУ-і «Кәсіпкерлік негіздері» кафедрасының қызметкерлері атқарып отырған жұмыстары жәйлі тарқатып айтып берді. «Әу баста бұл кафедрны ашқанда оңтүстіктегі оқу орындарының арасына бір жылымық әкелгендей болды. Түрен түспеген тың сала деп айтуға келмес. Бірақ нағыз бүгінгі күннің талап деңгейінен табылатын, аса қажетті сала. Кафедраның мақсаты оқу процесіне бизнес жоспарлауды енгізу арқылы бітірушілердің білім деңгейінің сапасын жоғарылату болды. Студентке үшінші курстан бастап, диплом жұмысына дейін бизнес-жоспар жасау тапсырылады. Осы бағытта ол теориялық білімін өндірістік практикамен байланыстыра отырып, нақты бизнес-жоспар жасауды үйренеді. Түлектерге талап күшейген кезеңде олар өз ісін ашуды, оны қалай жүзеге асыруды, маркетингтік зерттеу жүргізуді, рыноктық сұранысты бағамдауды, қаржыны қалай игеру керектігін бес саусақтай меңгеріп, бесаспап болып шығады. Бүгінде жұмысқа тұруға ниет білдіргендерден ірі банк болсын, үлкен өндіріс орны болсын, ақыр аяғы кішігірім фирмаларға дейін бизнес-жоспар талап етеді. Сол арқылы жұмыс беруші болашақ жұмыскерін әр қырынан бағалайды. Үй салудан бастап зауыт тұрғызуға дейін, сұранысқа қажетті тауар өндіру, табыс табуға дейінгі мәселенің бәрін мықты маман шешетіндігі белгілі. Инженер болсын, мұғалім болсын қай сала болса да қалай істі ілгерілету жағын үйрету үшін кафедрада барлық жағдай жасалған. Соның арқасында ол ертеңгі күні жұмыс орнын ашарда, не болмаса жұмысқа тұрарда тәжірибесін қалай жүзеге асырам деп қиналмайтын болады. «Бизнес-жоспарлау» пәні шаруашылық жүргізуші субъектілердің жоспарлау қызметінің барлық аспектілерін зерттеуге бағытталған. Әдістемелік жағына көбірек көңіл бөлінеді. Бәсекеге қабілетті маман даярлау бүгінгі күннің талабы. Сондықтан да осы іске барынша үлес қосуда. Басқарудың, нарық талабына сай келетін барлық талапты игерген мықты менеджерлерді дайындауы қажет. Айналып келгенде бизнес білімге, білікке, қарым қабілетке, ең ақыры ақыл ойға тәуелді. Демек, бизнесте аса дарынды, креативті кәсібилердің бағы жанатыны сөзсіз. Бүгінгі таңда шағын және орта кәсіпорындарға ескі технологиялар мен басқару тәсілі қажет емес. Оларға қазіргі заман талабын терең түсінетін, жаңа идеяларды жүзеге асыратын мамандар қажет. Бұл жағынан алғанда оқу орнының ұтылар тұсы жоқ. Еуропадағы және Азиядағы іргелі оқу орындарының оқу үрдістері назардан тыс қалған емес. (жалғасы бар)