Ұлтының азаттығын аңсаумен өткен Ахмет Байтұрсынұлы «Мұғалім – мектептің жүрегі» дегенді бекер айтпаса керек. Жақсы ұстаздың тәрбиесін көрген шәкірттің мықты маман ғана емес, үлкен адам болары ақиқат. Оңтүстік Қазақстан облысында осындай қасиетті кәсіпті құрмет тұтып, мұғалімдік мамандықты таңдаған жастардың бойына білім нәрін сеуіп, ұлттық тәрбиемен сусындатып жүрген Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты – ұстаздардың киелі ордасы, тарихы терең қара шаңырағы. Белгілі ғалым, әдіскер-педагог Оңалбай Аяшев басқаратын институт жұртшылықтың жылы ықыласына бөленіп, жақсы бағасын алып келеді. Жақында бұл білім ошағында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атындағы ғылыми-инновациялық кабинеттің ашылуы мен Елбасының «Когда мысль – материальна» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Елбасы атындағы ғылыми-инновациялық кабинет жоғары технологияның ең соңғы үлгісі бойынша жабдықталған. Атап айтқанда, Поликом видеоконференц-байланыс аппаратурасы, 16 делегатқа арналған дискуссиялық жүйе, соңғы үлгідегі 4 СМАРТ теледидарларымен қамтамасыз етілген. Бұл кабинетке жоғары жылдамдықпен локалды және WI-FI қосылған, әлемдік интернет ресурстарына кіру мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз ету үшін Томсон Рейтерс дүниежүзілік деректер қорына кіру мүмкіндігіне ие. Бұл жерде ғылыми жобамен айналысатын үздік студенттер мен оқытушы-профессор құрамының тәулік бойына жұмыс істеуіне толық жағдай жасалған. Сондай-ақ, Елбасының 200-ден аса кітабы, Нұрсұлтан Әбішұлы туралы жазылған зерттеу еңбектер жеке кітапхана ретінде профессор-оқытушылар мен студенттер қауымына қызмет көрсететін болады. Осы іс-шараға арнайы шақырылған филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков, ҚР ҰҒА академигі, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Өмірзақ Айтбайұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Әбсаттар Дербісәлі, сондай-ақ, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, жазушы Мархабат Байғұт, институт профессоры, тарихшы ғалым Сәбит Жолдасов мазмұнды баяндамалар жасады. Өмірзақ Айтбайұлы кітапта жинақталып берілген дәрістердің өзегін білім, ғылым, инновация, жаһандану, интеграция секілді өзектілігін жоймайтын дүниелер құрайтындығына тоқталып, әрбіріне жеке-жеке талдау жасады. «Бүгінгі Қазақстан – әлемнің төрт тарабына бірдей ашық, жасампаздыққа жаны құштар, алдына өршіл мақсаттар қойған, мүмкіндігі мол ел. Жаңа Қазақстанның қандай болмағы, қандай мән мен мазмұнға ие болмағы бүгінгі жастардың қолында.», – деп ойын қорытындылаған тіл жанашыры, академик залға жиналған студент жастарды отанды сүюге, қадірлеуге үндеді. Әл-Фарабидің әйгілі музыка туралы еңбегінің жалғыз данасын ала келген баяндамашы қазіргі таңда тағы да 29 Әл-Фараби табылып отырғанын және бұның баға жетпес мол қазына екенін жеткізді. Түркияға барған сапарынан ала қайтқан рухани олжасын зерттеп, зерделеу мақсатында педагогикалық институт студенттерін бірлесе жұмыс жасауға шақырды. Оқу орнының басшысы Оңалбай Аяшевтің бітірушілер арасынан он студентті білім гранты негізінде Әбсаттар Дербісәлі басқаратын Шығыстану институтына магистратураға жіберуге шешім қабылдаған хабарын студент жастар зор қуанышпен қабылдады. Елбасы туралы «Сәби күлкісі сақталған кісі» атты бейнелі баяндама жасаған Мархабат Байғұт Мемлекет басшысының кісілік келбетін көркем кестеледі. «Бүгінгі жасалған баяндамалардың тақырыбы түрліше болғанымен, өзек болған идея жалғыз, ол – Елбасы еңбегі мен қайраткерлігі. Елбасының өмір мектебі бізді алға жетелейді, еңбекқорлыққа, ізденімпаздыққа баулиды. Біз Мемлекет басшысынан Отанға деген теңдесі жоқ отансүйгіштікті, жауапкершілікті, білімге құштарлықты, жеткіншектерге деген махаббатты өзімізге үлгі етеміз және аталған қасиеттерін жоғары қадірлейміз», деп институт ректоры Оңалбай Аяшев жиынды қорытты.