Бүгінде «Болашақ» халықаралық стипендиясының арқасында шетелде білім алып жатқан жастарымыздың қатары артып келеді. Болашақтықтардың алдыңғы легі оқуларын аяқтап, елімізге келіп қызмет ете бастады. Аталмыш бағдарлама Қазақстан Республикасының Президентінің 1993 жылғы 5 қарашада талантты жастарға шетелде білім алу үшін жәрдемдесу мақсатында қолға алынған болатын. Осы уақытқа дейін Оңтүстік Қазақстан облысынан көптеген жастар бағдарлама шапағатына бөленіп үлгерді. Өткен жылы облыстан 6 жас шетелде білім алу грантына ие болды. Ал осы уақытта жалпы білім алып жатқан жастар саны 60-тан асады. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасы бойынша білімін жетілдіріп қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан облысында түрлі мекемелерде 183 жас жұмыс жасап жатқан болса, оның ішінде 12-і мемлекеттік қызметтерде басшылық қызмет етуде. Жуырда М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті базасында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» өкілдері «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде шетелде білім алу жөнінде облыс жастарына және жергілікті басқармаларда мемлекеттік қызметте жұмыс жасап жүрген жас мамандарға ақпараттық брифинг өткізді. Брифинг шеңберінде «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларына Қазақстан Республикасы Үкіметінде енгізілген өзгерістер, сондай-ақ конкурсқа қатысу талаптары туралы түсініктеме берілді. Өз кезегінде облыс жастары көкейлерінде жүрген сұрақтарға толымды жауап алды.
Динар Бекасыл