Оңтүстік Қазақстан облысында негізінен өзге өңірлерде егілмейтін мақта өсірілетіні белгілі. Диқандар мақтаның өнімділігін арттыру мақсатында биыл алғаш рет Түркия мен Қытайдан мақтаның жаңа сұрпын әкеліп еккен болатын. Жаңа сұрып жақсы шықты. Тәжірибе ретінде алғаш рет себілген тұқым бітік шықты. Мырзашөлдік шаруалар кейбір алқаптардан 50 центнерге дейін өнім алып жатыр. Мырзашөлдің аптапты ыстығы мен құрғақшылыққа қарамастан шетелден әкелініп себілген шиттер бітік шыққан. Шетелден әкелінген мақта тез жерсініп кетті. Жергілікті тұқымға қарағанда бойы аласалау, көсегі көп. Ең бастысы да артықшылығы да өнімділігі жоғары. Диқандардың өзі жаңа сортқа таңдай қағып, соңғы 10 жылда мұндай мақта алмағандарын айтып отыр. Тәуелсіздіктің мерейтойы алдында мол түсім алып жатқан диқандар қуанулы. Бүгінде отандық ғалымдар да жергілікті жердегі диқандардың жұмысын жеңілдету үшін көмек қолын созуда. Олар мақта сұрпын жетілдіруді қолға алды. Ал түркістандық диқандар биыл мақтаның жергілікті ғалымдар ойлап тапқан жаңа сұрпын егіпті. Шаруа қожалық келісім аясында 300 гектар жерге отандық шит сепкен. «Түркістан» деген атау алған мақта сорты орта есеппен 35 центнерден өнім берген. Артықшылығы 10-15 күн ерте піседі және талшығы 4-сұрыпты. Жаңа сұрыптың өнімділігі гектарына 40-45 центнер. Ең бастысы еліміздегі тоқыма кәсіпорындарында бұл түріне сұраныс көп. Облыс көлемінде биыл жалпы 109 мың гектер жерге мақта егілген. Соның 1600 гектарына Түркия мен Қытайдан әкелінген дән себіліпті. Мамандар жаздағы су тапшылығына қарамастан өнімділік жаман емес деп отыр. Осылайша мақта шаруашылығымен айналысатын диқандар да ел экономикасын өркендетуге маңдай терлерін тамшылатып үлес қосуда.
Динар Бекмамбет