ҚР «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заңына сәйкес, облыста кооперативтерді құру белсенді жүргізілуде. Ауыл тұрғындары жұмыспен қамту мәселесі де назардан тыс қалған емес. Ауылдағы ағайынның әлеуетін көтеру бүгінде басты талаптардың бірі болып отыр. Аудандар мен қалаларда кәсiпкерлiк пен ауыл шаруашылығы кооперацияларын жаппай дамыту мәселесiне орай, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында Оңтүстiк Қазақстан облысында «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасы қолға алынып отыр. Елдi мекендерде кооперативтер желiсiн ұлғайту бұл өз кезегiнде iшкi нарықты жергiлiктi ауыл шаруашылығы өнiмдерiмен қамтып, қайта өңдеу кәсiпорындарының қатарын көбейтпек. Бұл жұмыстар Мақтарал, Қазығұрт, Ордабасы, Төлеби, Сарыағаш аудандарында белсендi атқарылуда. Шетелдік өнімдерді нарықтан ысырып шығару да өз қолымызда. Өйткені ауылшаруашылығы басым сала болғандықтан бүгінде облыста мал басы көбейіп, сүт өндіру артып келеді. Соны еліміздегі өзге өңірлерге сату жағы да қарастырылуда. Осының арқасында тұрғындарды жұмыспен қамту да бір тармағына кіреді. Ауылшаруашылық өнімдерінің көлемін ұлғайтуда, экспортқа шығаруды қамтамасыз етуде ұсақ тауар өндірушілер қомақты үлес қосуда. Бүгінде облыста 8 мыңнан аса ұсақ фермерлік шаруашылық 81 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтерге бірігіп, жұмыс атқаруда. Олар даму бағыттары бойынша 19 бірлік мақта шаруашылығы, 30 бірлік астық, 4 бірлік сүт өндірісі, 13 бірлік ірі және ұсақ мал шаруашылығы, 3 түйе шаруашылығы, 3 жүгері өсіру, 4 жылыжай, 5 тағы басқа шаруашылықтардан құралып отыр. Сонымен қатар, биыл облыста 14 машина-тракторлық станциясы (МТС) құрылды. МТС-тер құрамында 108 доңғалақты тракторлар, 7 шынжыр табанды тракторлар, 28 астық оратын,9 жем-шөп оратын, 4 жүгері оратын комбайндар мен 186 басқа техникалар бар.