Бүгінде ауыл шаруашылығы саласында түрлі бағыттар бойынша жұмыстар атқарылуда. Мал шаруашылығы бойынша фитосанитариялық және ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету басым бағыттардың бірі. Ал егістік жерлерді зиянкестерден қорғау да басты талаптар қатарына жатады. Көктем келгенде жаңбырдай жауатын шегіртке шаруалардың мазасын алатыны бар. Одан бөлек алқаптағы егістікке тыным бермейтін майда зиянкестер өз алдына бір мәселе. Бүгінде аталған мәселелер біртіндеп шешімін тауып келеді. Оңтүстік Қазақстан облысындағы мақтаулы аудандардың бірі Мақтарал ауданында 4 биофабрика, 8 биозертхана бар. Одан басқа Шымкент қаласындағы 1 биозертханада биоагенттер (энтомофагтар) өндірілуде. Бұл кәсіпорын жылына 50 мың гектар алқаптың зиянкестерін жоятын жәндік өсіруге қауқарлы. Бүгінде бұл өнімге сұраныс жоғары. Өйткені, жер мен адам ағзасына зиянды химикаттардан биогендердің тиімділігі жоғары. Биоагенттер шығарумен айналысатын өңірдегі ірі кәсіпорын «Биофабрика-Жетісай» ЖШС-і бүгінде табысты жұмыс атқаруда. Кәсіпорынның жылдық қуаттылығы көлемі 50 мың гектар алқапты құрайтын аумаққа жетеді. Биыл 40,5 мың га мақталыққа өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін 150,0 млн теңге субсидия бөлінсе, 101,8 мың литр гербицидтердің қол жетімділігін арттыруға 204,3 млн.тг қаржы бөлініп, 37,7 мың га өңдеу жұмыстары жүргізілді. Мұндай ерекшелігі мол кәсіпорын көршілес мемлекеттерде жоқ. Бұл да болса аз ғана уақыт ішінде қол жеткізген табыстарымыздың басқысы.