Ұлт жоспарында денсаулық сақтау саласына кеңінен айтылған. Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардан бері денсаулық сақтау саласына мемлекеттен көптеген қолдаулар көрсетіліп, бұл саланы қаржыландыру көлемі жыл сайын ұлғайып отырды. Медицина ұйымдарының жабдықталуы 25,3 пайыздан 65,36 пайызға өсті. Мәселен, 1991 жылы 50,8 млн. теңге бөлінсе, 2016 жылы 93,9 млрд. теңгені құрап, бюджет көлемі 1850 есеге артты. Бүгінде жедел медициналық көмек бригадаларының саны 173-187 дейін көбейіп, санитарлық автокөлік саны 258-ге жеткізілген. Ал радиобайланыспен 100 пайыз, GPS-навигация жүйесімен 80 пайыз жабдықталған. Сонымен қатар, осы жылдар ішінде 347 жаңа нысандар салынып, облыстық деңгейдегі наркологиялық аурухана, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы, кардиологиялық орталық, облыстық балалар оңалту орталығы, «Мейірім» оңалту орталығы, «Ана мен бала» оңалту орталықтары ашылды. Ал «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында облыстық қан орталығы, Шымкенттегі № 3 емхана, Шымкент және Түркістан қалаларында 2 балалар аурухана мен Төлеби ауданында Ленгір қалалық ауруханасы емханасымен салынып, пайдалануға берілді. 25 жыл ішінде облыс халқының жалпы өлім-жітім көрсеткіші 6,9-дан 5,5 дейін төмендесе, ана өлімі 7 есеге, нәрестелер өлім-жітімі 3 есеге дейін төмендеген. Халықтың денсаулығын нығайту мақсатында атқарылып отырған жұмыстың бұл бір парасы ғана. Алдағы уақытта денсаулық саласына әлемдік медицина жетістіктерін меңгеру мақсатында арнайы құрал жабдықтармен жарақтандырылмақ.