35-ші қадамда ауылшаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу деген бөлім бар. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында бос жатқан жерлер баршылық. Оларды тиімді пайдаланып, іске жаратуға ниеттілер де жоқ емес. Өз кәсібін ашамын деген азаматтарға облыс әкімдігі барлық жағдайды жасап, барлық жағынан қолдау білдіруде. Индустриалдық аймақтарда жер телімін тегін пайдалануға мүмкіндік бар. Онда инженерлік-коммуникациялық жағынан толық жабдықталған. Турасын айтқанда кәсіпкерлерге бәрі тегін жеткізіліп берілген. Оған қоса құжаттарды рәсімдеу, мамандардың кеңесі бір терезе қағидасы аясында жүзеге аспақ. Инвестор тарту, өндірген өнімдерін өткізу үшін де барынша қолдау білдіруде. Ол үшін қаншама рет көрме ұйымдастырылды. Онда оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлер өнімдерін тікелей жеткізуге өзге өңірлермен келісімге келді. Сондай-ақ, жергілікті және өзге аймақтардан, өзге мемлекеттен келген кәсіпкерлер кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік алып отыр. Мәселен, Ресейден келген кәсіпкерлер көмір қалдықтары мен мал көңін өңдеу арқылы жылу қуатын алу идеясы қолдауын тапса алдағы уақытта жүзеге асып қалуы да ғажап емес. Жасыл экономиканы жүзеге асыруға бағытталған жобаның жерде қалмайтыны анық. Бүгінде «Биостройсервис»-тің құрылғыларына «Ордабасы құс» серіктестігі секілді ірі өндіріс орындары қызығушылық танытып отыр.