(Жалғасы)
Ақтөбе, Атырау, Қызылорда облыстарынан келген мамандар да ойларын ортаға салды. Статистикалық деректерге сүйенсек, биылғы жылдың басындағы санақпен қазір елімізде 170 500 түйе бар делінеді. Соның ішінде тек 10 376-сы , яғни 6%-ы ғана асыл тұқымды. Көпмағамбет Елемесов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, академик:
— «Түйе тұқымдары» палатасының ашылғаны осы салаға қатысты біраз түйіткілді мәселенің шешімін табуына түрткі болары сөзсіз. Асыл тұқымды мал басын көбейту палатаның алдында тұрған ең басты мәселенің бірі. Осы саладағы мәселені шешу үшін, жыртысын жырту үшін білікті мамандар қажет… Бүгінде елімізде 16 палата бар. Алдағы уақытта ара, қоян, марал тұқымдары палатасы құрылмақ. Ислам Ахметов, «Түйе тұқымдары» палатасының директоры:
– Бүгінде түйе шаруашылықтары еліміздегі 7 облыста шоғырланған. Батыс Қазақстан облысы, Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында түйе бағатындар баршылық. Түйе етіне сұраныс жоқ деген ақпарат негізінде жалған. Түйенің етіне де, сүтіне де, тіпті жүніне де сұраныс жоғары. Статистикаға түйе етінің қаншалықты өтімділігі жөніндегі ақпар енбей қалады.
ҚР «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Заңына 2015 жылдың 27 қарашасында өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Осы Заңның 28 бабының 2-ші тармағына сәйкес, 2016 жылдың 26 тамызында «Түйе тұқымдарының» республикалық палатасы Оңтүстік Қазақстан облысының Әділет департаментінде заңды тұлға ретінде тіркеуден өтті. Палатаның алдына қойған міндеттері орасан, оның басқы тізімінде: аймақтардағы түйе тұқымдарының асыл тұқымдыларын тарату және осы тұқымының санын көбейту, түйенің асыл тұқымына статус беру, асыл тұқымдылық куәлігін беру, түйе тұқымдарын импорттау, базаға тіркеу, статус беру және сату кезінде, зауытшылары берген көрсеткіштерді Палатаның бекіткен ішкі Ережелеріне сәйкес тексеру кіреді.