(Жалғасы)
Бұл мақсаттарға қарастырылған бюджеттік қаражат шегінде субсидияланатын, сатылатын өнімнің жыл сайынғы квотасын анықтау, асыл тұқымды кітапты жүргізу және басып шығару да бар. Бақтияр Ахаев, Оңтүстік қазақстан облысындағы Отырар ауданындағы «Үсенов Н» шаруа қожалығының төрағасы: «Бүгінде түйе шаруашылығымен айналысатын қожалықтарға барынша көмек қажет. Түйенің етіне, сүтіне мемлекет тарапынан субсидия берілсе дұрыс болар еді. Жұмысын бастағалы отырған палата осы мәселелердің шешімін табуға атсалысады деген үміттеміз. Ғалымдардың өзі дәлелдеп отыр ғой түйе сүтінің бірнеше ауруға ем екенін. Ендеше ауруханалардың, мектептердің, мекемелердің мәзіріне шұбатты ендірсе дұрыс болады» дейді.
Түйе тұқымының таза қанды, асыл тұқымды малдарын сату бойынша аукциондар (биржалар), көрмелер мен жәрмеңкелер өткізуді ұйымдастыру да палатаның мойнында. Сондай-ақ, шаруашылықтарда қажетті инфрақұрылымды әзірлеуге жәрдемдесу, жарғылық мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыру үшін инвестициялар мен гранттар тарту да түйе өсірушілерге көп жәрдем болары анық. Түйе тұқымы мен соған байланысты бизнестің дамуына көмегін тигізетін шетел ұйымдарымен, атап айтқанда жаңа технологияларды енгізу, генетиканы жақсарту, түйе тұқымдарын тарату және байланыстарды нығайту бойынша бірігіп қызмет істеу, түйе тұқымдарын өсіру мәселелері бойынша басқа елдердің Ассоциацияларымен бірігіп қызмет атқару да нәтижелі болары анық. Түйе тұқымының ішкі және сыртқы нарықтағы саудасының дамуына жағдай жасау да палатаның алдына қойған мақсаттарының бірі болып табылады. Алдағы уақытта аталған палата Оңтүстік Қазақстан облысында түйе тұқымын асылдандыруға, басын көбейтуге, оның өнімдерін шетелдерге экспорттауға көп көмегін тигізері анық.