Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Франсис Этьен бастап келген бір топ делегаттармен кездесті. Өңір басшысы шетелдік қонақтарға Оңтүстік Қазақстан облысының инвестициялық мүмкіндіктері мен ауыл шаруашылық саласындағы жетістіктерін және туризм бағытындағы жұмыстарды мәлімдеді. Оңтүстік Қазақстан облысы Қазақстандағы халқы көп шоғырланған аймақ екенін айтқан ол келер жылы Шымкент қаласының халқы 1 миллионға жететінін мәлімдеді. Сонымен қатар, облыста ірі уран өндіруші кәсіпорындар мен мұнай өңдеу зауыты бар екенін және облыс көкөніс пен жеміс кластерінің орталығы болып табылатынын жеткізді. Ташкентпен шекаралас жатқан аудандарда қауын-қарбыз өсіріліп, шетелге, оның ішінде, Германияға экспортталып отырғанын айтты. Сондай-ақ, индустрия саласын дамытуда облыс республикада көш бастайтынын xабарлаған әкім өңірде бүгінде 7 индустриалды және 1 арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеп тұрғанын атап өтіп, онда жеңіл және ауыр өнеркәсіп орындары мен тоқыма фабрикалары сәтті жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Өз кезегінде Елші Қазақстан мен Франция арасындағы қарым-қатынас жыл сайын дамып келетінін айтып, туризм, индустрия және білім бағыттарында әріптестік орнатуға дайын екенін жеткізді.
Связанные истории
12.12.2016
28740
29.11.2016
38498