Оңтүстік Қазақстан облысының шалғай шеттегі аумағы саналатын Мақтарал ауданы бүгінде кәсіпкерлері ең көп ауданға жатады. Қазіргі таңда мұнда үдемелі индустриалдық инновациялық даму бағдарламасы аясында жалпы сомасы 2400,0 млн.теңге болатын 3 жоба мақұлданып, бүгінгі күні екеуі іске қосылды. Олар — индустриалдық картаға енгізілген «Мырзакент» ЖШС-нің мақта өңдейтін зауыты, «Арсенал-Сад» АӨК-нің көкөніс сақтау қоймасы мен «Хаят» ЖШС аяқ-киім фабрикасы. Бұл жобалардың биылғы жылы екеуі іске қосылды, біреуін жыл соңында іске қосу жоспарлануда. Мақтаулы ауданда тіркелген кәсіпкерлердің саны — 32 291, ол былтырғы жылмен салыстырғанда 6 472-ге артқаны байқалады. Ал жалпы өндірілген өнім көлемінің де өскені белгілі болып отыр, ол 38,5 млрд. теңгеге жетіп, 2,3 млрд. теңгеге артқан. Сонымен қатар бюджеттік төлемдер 404 млн. теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6 млн. теңгеге өскен. Кәсіпкерлік саласында 33 422 адам — экономикалық белсенді халықтың 24,1 пайызы жұмыспен қамтылған. Ағымдағы жылы кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жалпы сомасы 964,6 млн. теңгені құрайтын 587 жоба қаржыландырылған. Оның ішінде: «Максимум» АИО» ЖШС арқылы жалпы сомасы 21 млн. теңгені құрайтын 2 жоба, «Ырыс» ШНҰ» ЖШС арқылы 334,9 млн. теңгені құрайтын 29 жоба, ауылдық несие серіктестіктері арқылы 18 млн. теңгені құрайтын 27 жоба, «АШҚҚ» АҚ арқылы 354,3 млн. теңгені құрайтын 148 жоба, «ҚазАгроҚаржы» АҚ (лизинг) арқылы 236,4 млн. теңге құрайтын 121 жоба қаржыландырылған. Мұның барлығы да өңірдің өркендеуі үшін атқарылып жатқан өрелі істердің бастауы.