
Шардараның балығына деген сұраныс ешқашан толастаған емес. Бал татыған балық етін алыс та жақын шетелдерден сұратушылар да көп. Оңтүстік Қазақстан облысындағы балығымен аты шыққан Шардарада балық өсіру тәлімбағы биылдан бастап өнім көлемін арттырып отыр. «Шардара балық питомнигі» ЖШС-нің мамандары жуырда су қоймасына шабақтар жібере бастады. Жалпы аумағы 68,2 гектарды құрайтын тоған іске қосылып, 15,7 млн. дана балық балаңқұрттары (личинка) өсірілуде. Бір бұл ғана емес ауданда балық өсірумен айналысатын шаруашалықтар жетерлік. Балықты өсіру бар да оны өңдеу бар. Бүгінде Шардара ауданында екі балық өңдеу зауыты жұмыс істеп тұр. «Хамит» СТК балық өңдеу зауыты филе, кептірілген, тұздалған балықты өңдеп және дайындап, жылына 2500 тонна балық өңдейді. Жаңаша бағыттар өрістету мақсатында мұнда қалдықсыз өндірісті қолға алу мақсатында балық сүйегінен ұнтақталған жем дайындау цехтары жұмыс істейді. Ал «Шардара – Балық-1» балық өңдеу зауытында жылына 1000 тонна мұздатылған және ысталған балық, филе өнімдерін өндіреді. Мұнда 70 адам нәпақасын тауып отыр. Ауданнан жеке кәсіпкерлердің ұйымдастыруымен пилоттық жоба ретінде Шардара су қоймасы аумағынан балықты торлы шарбақта өсіру шаруашылығын (садковое выращивание) қолға алу жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Өткен жылы торлы шарбақта сынақ ретінде 15 тонна балық өсірілсе, былтырғы жылы жыл 300 тонна шабақ өсірілді. Су қоймасындағы торлы шарбақта келешекте 3000-4000 тонна көлемінде балық өндіру жоспарланып отыр. Шетелдің балығына алақан жайдырмайтын осындай өндіріс орындары. Су татыған, дәмі жоқ импорттық балықтан көрі Шардараның бал татыған балығы дәмдірек. Отандық балық шаруашылығының өркендеуіне үлес қосып отырған шардаралықтардың өндіріс көлемін арттыруға деген жоспарлары көп.