«100 нақты қадамның» 43-қадамында салық декларациясын қабылдау мен өңдеудiң орталық желiсiн құру туралы тапсырма берiлген болатын. Жалпыға бiрдей декларациялау басталған шақта мемлекеттiк кiрiстер органдары оның уақтылы қабылдануын және өңделуiн толыққанды қамтамасыз ету үшiн ҚР Үкiметiнiң қаулысымен «Азаматтарға арналған үкiмет» мемлекеттiк корпорациясы құрылды. Ол бүгiнгi таңда нәтижелi жұмыс атқаруда. Оңтүстік Қазақстан облысында ашық Үкімет жобасы қарқынды жұмыс істеуде. Ендiгi жерде декларациялардың уақтылы қабылдануын қамтамасыз етуде екi бiрдей мекеме, мемлекеттiк кiрiстер органдары мен мемлекеттiк корпорация бiрлесе жұмыс жүргiзетiн болады. Жалпы, тәуекел сөзi салық төлеушiнiң мемлекетке нұқсан келтiруiн немесе солай болу мүмкiндiгiн, сондай-ақ, салық мiндеттемесiн орындамауды және толық орындамау ықтималдығын бiлдiредi. Сондықтан тәуекелдердi басқару жүйесi талдау, зерделеу жұмыстары арқылы салық төлеушiлердiң салықтан жалтару жолдарын анықтауға және тиiстi шаралар қолдануға көмектеседi. Тәуекелдердi басқару жүйесi арқылы кедендiк және салықтық тексерулердi реттеу көзделiп отыр. Яғни, заңбұзушылыққа жол бермеген кәсiпкерлер салықтық және кедендiк тексерулерге ұшырамайды. Президентiмiздiң берген тапсырмасына орай енгiзiлген осы реформаның арқасында заңдылықты бұзбаған кәсiпкерге бақылау органдары тарапынан ешқандай тексеру жүргiзiлмейдi. Яғни, салық төлеушi өз мiндеттемесiн толық орындаса, салықтық тексерулерге iлiнбей, өз бизнесiн алаңсыз жалғастыра бередi.