Бүгінде техникалық және кәсіптік колледждерде дуальды білім беруді жетілдіру маңызды мәселелердің біріне айналып отыр. Бұл тарапта Оітүстік Қазақстан облысында ілкімді істер атқарылуда. Дуальды білім беру — студенттің теориямен қатар практиканы да қатар алып жүруі бүгінде өте тиімді тәсіл екендігін дәлелдей бастады. Облысымызда дуальды білім беру мәселесімен қазіргі таңда 3 колледж — Кентау трансформатор зауытының жанындағы Кентау политехникалық колледжі, Оңтүстік Қазақстан машина жасау зауытының жанындағы Оңтүстік Қазақстан индустриалды-инновациялық колледжі , «Шымкент Стандарт» ЖШС жанындағы Инновациялық технологиялық колледжі айналысып келеді. Олар өңіріміздегі ірі зауыттардың жанынан құрылған колледждер. Аталған колледждерде білім алатын жас студенттер әрі оқиды әрі іс-тәжірибеден өтеді. Оқуын бітірген студенттің сол зауытта жұмысқа қалуына мүмкіндігі болады. Бұдан бөлек, дуальды білім беру шеңберінде бүгінгі таңда 10 техникалық және кәсіптік колледждердің — Парасат, Жаңа технологиялар, Шымкент көлік және коммуникациялар, Мирас және Инновациялық — технологиялық колледждерінің студенттеріне практикадан өту үшін 10 кәсіпорын, мәселен ЖШС «Аль-Декей», ЖШС «Арт-Құрылыс», ЖШС «Базис-К», ЖШС «Проект-А», ЖШС «KAZMEDPRIBOR», ЖШС «ЖибекЖолы2008», ЖШС «ШымкентЛокомотивСервис», ЖШС «FCO TRANS» өз келісімдерін берді. Олар студенттердің іс-тәжірибеден өтуіне 500 жұмыс орнын ұсынып отыр. Тараптардың келісімі бойынша 500 студенттің 150-не кәсіпорындар есебінен айлық жалақы төленетін болады. Бұл бағытта облыстық кәсіпкерлер палатасы облыстық білім басқармасымен бірлесіп қызу жұмыстар атқаруда.