ОҚО Отырар ауданында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында «Салт-дәстүр ұлттық рухтың негізі» тақырыбы аясында жастар арасында өтетін «Ауылдағы бір күнім» жобасына қатысатын Оңтүстік Қазақстан облысының бір топ белсенді жастары келді.
Қонақжайлылық әдетінен танбаған отырарлықтар жастарды ауданға кіре берістегі қақпа алдынан қарсы алып, құрмет көрсетті. Отырарлық өнерпаздардың ән-күйімен көңіл көтеріп, аптығын басқан соң жастар бірден аудан орталығындағы Әбу Насыр әл Фараби атындағы руханият музейіне қарай беттеді. Мұнда оларды аудан басшысы Ерлан Айтаханов күтіп алып, ежелгі Отырардың тарихын танып білу үшін жастарды музейге саяхат жасауға шақырды.
Музейді аралап шыққан соң одан әрі көне Отырар тарихынан сыр шертетін «Отырартөбеге» келіп тоқтады. Мұнда жастар ежелгі Отырар қалажұртының мәдениеті мен салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы жайында танып біліп, рухани құндылықтарымыз туралы кеңінен мағұлмат алды. «Отырартөбеден» шығып Арыстанбаб кесенесіне зиярат жасаған жастар облыс көлемінде алғаш ашылған Қарақоңыр ауыл округіне қарасты «Алаш» этноауылына қарай жол тартты.
Этноауылда жастар кеңпейіл ауыл жұртының мейірімге толы жүздері мен ыстық ықыласына қанып, дархан дала аясында арқаны кеңге салып, ауылдың бір сәттік өмірін көз алдарында елестеткендей болды. Жастар мұнда отырарлық қолөнер шеберлерінің туындыларымен танысып, атқа мініп, алтыбақан тепті.
Күн бата алты қанатты киіз үйде ақ дастархан жайылып, ас берілді. Дастархан басында жастар осындай шараны ұйымдастырған аудан әкімдігі мен ОҚО жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы және облыстық «Жастар ресурстық орталығының» басшылықтарына алғыстарын айтып, жылы лебіздерін білдірді.
Жастарды әрдайым қолдауға дайын екенін айтқан аудан әкімі Ерлан Айтаханов: — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Әжептеуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу», – деген болатын. Ұлттық код дегеніміз не? Қазақы қалып, ұлттық мәдениет, салт-дәстүр және ұлттық болмыс. Ұлттық дәстүрдің де озығын алып, тозығын қалдыру. «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды». Адаспау үшін қазаққа қажетті табиғи болмысты сақтай білу керек. Өркениет көшінен де қалуға болмайды. Көшке ілесе отырып, қанымызда бар қасиеттерді қайта түлетуіміз керек-деп, жастардың ертеңгі реалити шоуда жеңіске жетулеріне тілектестігін білдірді.
Одан әрі бойында жастықтың жалыны қайнаған жастар табиғат аясында алау жағып, әндетіп, думандатып, ауыл кешінің көркін қыздырды.