Бүгін Ұлыстың Ұлы күніне арналған мерекелік шара Қазығұрт ауданында «Наурыз – Қазығұрттан басталған…» атауымен ұйымдастырылып, өткізілді. Тарихта орны бөлек қасиетті мекенде өткен мейрам шежірелі тарихымыздан сыр шертетін қойылымнан басталып, жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты. Мерекеге жиналған жұртшылықты аудан әкімі Болатбек Қыстауов құттықтап, Наурыз — ұлт пен ұлысты үйлестіріп, күн мен түнді теңестіретін жаңару мен жасампаздықтың мерекесі ретінде халқымызға қуаныш сыйлап отырғандығын айтып өтті. Сонымен қатар бұл күн өткенді саралап, келешекті айқындайтын кезең екендігін айта отырып, қазығұрттықтарды келешегі кемел айбынды мемлекет құру жолында одан әрі жемісті еңбек ете беретініне сенім білдірді. Мерекеге орай басты шара өтетін алаңға 9 киіз үй тігіліп, алтыбақан орнатылды. Ұлыстың Ұлы күні тойына жиналған жұртшылық мерекелік дастарханнан дәм татты, ұлттық ойындардан сайысқа түсті. Аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен тұрмыс жағдайы төмен 500 адамға қайрымдылық көмек көрсетілді. Мейрам аясындағы осы және өзге де шаралар ұлттық нақышта, ата-бабадан қалған рухани құндылықтарға сай, қазақи дәстүрге дөп келетін салт-жоралғылармен атқарылды.
Связанные истории
13.09.2024
260523