Оңтүстіктің мәдениет саласында мақтанарлықтай тындырымды тірліктер басым. Әсіресе соңғы жылдары осы саланың күн түсуі тиіс көлеңкелі тұстары көп деп сын айтушылар көп еді, бүгінде шүкір жағдай оңалып келеді. Күні кеше Қазақ хандығының 550, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Театр көктемі – 2015» облыстық театр фестивалі дүркіреп өтті. Осыған орай Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов ІІІ республикалық ұлттық театр фестивалінің құрметті қонақтарымен кездесті. Кездесу барысында өңір басшысы облыстың мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ұлтымыздың ұйытқысы саналатын оңтүстікте соңғы бес жылда жаңа 46 мәдениет мекемесі ашылғандығын және 8 кәсіби театрдың тұрақты жұмыс істеп келе жатқандығын тілге тиек етті. Әрине бұл тұрғыдан алғанда облыс өзге өңірлер арасында көш бастап тұр. Өңіріміздегі театрларда 42 жаңа спектакль сахналау жоспарланған болса, одан бөлек 49 қойылымның премьерасы өткен. Былтыр оңтүстікқазақстандық өнерпаздар екі жарым мыңға жуық спектакльді сахналаған болса, оны 315 мыңнан астам көрермен тамашалаған. Өткен жылы облыстағы театрлар 101 рет гастрольдік сапарға шыққан. Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары мен Астана, Байқоңыр қалаларында және Қытай Халық Республикасының Шуар өлкесінде болды. Сондай-ақ, театр өнеріне сусап отырған шалғайдағы аудандар мен қалаларға да осындай сапарлар ұйымдастырылған. Мәдениет майталмандары өткен жылы Мемлекет басшысының қатысуымен Шымкентте облыстық драма театры мен «Түркістан» сарайы ашылғанын тілге тиек етіп, осы тектес өнер ордалары Шымкенттің өзіндік мәдени өмірін қалыптастырып отырғанын айтты. Асанәлі Әшімов, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі:
— Оңтүстік мәдениет саласы болсын, басқа да салаларда оңды істерімен еліміздегі өзге өңірлерге үлгі болатыны анық. Өнер мен мәдениет саласында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға көңілім толады әрі жоғары бағалаймын.