Бүгінде күнгейлік Бейсбековтер отбасы көпке танымал. Суретші, гобеленші, қолөнерші, темір ұстасы… Қысқасы өнерлі отбасының қолынан келмейтін дүние жоқ десе де болғандай. Көркем өнердің көсегесін көгертіп жүрген отбасының өзгелерден артықшылықтары көп. Ең алдымен отбасының жеті мүшесі де Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі. Бір ғана отбасыдан осыншама суретші шыққаны өзгелерге таң боп көрінетіні де рас. Одан бөлек екінші өзгешелік өз үйінде көркемсурет галереясы бар жалғыз отбасы да осы Бейсбексовтер әулеті. Мұнда қойылған құнды дүниелерді тамашалап қана қоймай ұлттық қолөнерді дамытуға өлшеусіз үлес қосып отырған отбасы мүшелерінен шеберлік сабағын алуға да болады. Тегін. Таңданарлық тұсы да осы. Қазақ қолөнерінің дамуы үшін өзгелерге үйретуден жалыққан емес. Отағасы Болат Бейсбеков шынайы өнердің шын жанашыры. Ұлтымыздың ұмытылып кеткен қолөнер бұйымдарын тірілтіп, заманауи өң беріп, өрістетіп жүр. Танымал туындыларымен көпке танылған суретші Болат Бейсбеков кескіндеме өнерімен айналысса, ұлы Берік былғарыны көркемдеп өңдеп, соны дүниелерімен танылған. Отанасы Күләш Айдарбекова гобелен тоқудың шебері. Хас таланттың қолынан шыққан «Күнбағыс», «Әжемнің портреті» атты шығармалары жоғары бағасын алған болатын. Қызы Венера да гобелен тоқиды. Ол «Үш ару» және «Киелі орынға сапар» атты тың туындысымен танымал. Келіні Мәдина да он саусағынан өнері тамған шебер. Ою өрнегі әсем кілемдері бір төбе болса, тоқыған гобелені нағыз хас шеберлің қолынан шыққаны білініп-ақ тұрады. Беріктің қолынан шыққан «Ана – өмір диірмені», «Сүндет той», «Өмір доңғалағы», «Жеті қазына», «Тас таңба», «Балалық шақ» атты туындылары бар. Ол бүгінде былғарыдан қайталанбас өнер туындыларын жасап жүр. Оңтүстіктің атын аспандатып жүрген жас талант қолөнердің дамуына барынша үлес қосып келеді. Оның шебер қолынан шыққан дүниелеріне тапсырыс берушілер көп. Хас ұстаның өзі жүрегі дауалап қолға алмайтын сирек кәсіп түрі – теріні өңдеу аса қиындығы мол шаруа. Теріні көркемдеп өңдеу – халқымыздың ежелден тіні үзілмей келе жатқан көне өнер. Бір ғана картина жасау емес теріден басқа да өте бағалы заттарды жасап шығаруға болады. Өнерге қызығушылығы мол жастарға Беріктің үйретері көп. Оның қолынан шыққан дүние тілі бар, сөйлеп кететіндей әсер береді. Шын шебердің асқан ынтамен жасаған жұмыстары расында көздің жауын алады. Теріге тіл бітірген хас таланттың болашақта қолға алсам деген жоспарлары көп. Ұдайы көрме өткізіп тұрады. Оның қолынан шыққан шынайы шығармаларын көруге келушілер де көп. Сол ежелгі туындыларды бүгінгі заманға сай етіп, жаңғыртып көпшіліктің назарына ұсынуда. Әрі ол туындылары да өте сәтті шыққан. Үндестік бар. Үйлесімділік бар. Әйтеуір қараған жанның көзін тойдырарлықтай әсем-ақ. Қазақтың төл өнерін тірілтудің арқасында халықаралық көрмелерде жоғарғы жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Зауытта шығарылған дүниеден көрі қолдан жасалған тың туындыны шетелдіктер жоғары бағалайтыны белгілі. Беріктің қолданбалы қолөнерін мойындағандар жетерлік. Әрі асқан қызығушылықпен сатып әкететін шетелдіктер де мол. Беріктей жастар тұрғанда қазақтың қолөнері өлмейтініне, өшпейтініне сенім мол.
Ал отанасы Күләш Өсерызының текеметтерінің ою-өрнегі өзінше бір әлем, оның қай туындысын алып қарасаңыз да қазақ даласындай қарапайым һәм сұлу. Сырлы сезімге толы кез-келген еңбегінің алдынан жәй өтіп кету мүмкін емес. Еріксіз бөгелесің. Туындысы қарапайым көрінгенімен әлдебір ой иіріміне жетелейді. Жаныңызды әлдебір жылылық баурайды. Ғажайып бір керемет сезімнің бесігіне бөленген санаңыз одан босануға асықпайды. Қайта әдемі сезім тұтқынына арбала түсесіз. Оның еңбектерін түсіндірудің қажеті шамалы. Тек түйсіну қажет. Әр деталінің бояу қанық. Дәстүрлі өнерден тамырын ажыратпаған дүниелер. Әркім өзінше түсінеді, өзінше қабылдайды. Өзінше әсер алады. Оның туындыларына табиғилық пен шынайылық һәм тазалық тән. Қай шығармасында да осы үш таған әдемі үйлесіп, астасып жатады. Гобеленнің арғы атасы еуропалықтар десек те ол боялған жіптерден алуан түрлі ою-өрнектер құрап, тықыр кілем, алаша тоқуды білген қазақ үшін жат өнер емес. Тіпті гобеленнің отаны қазақ жері десек артық айтқандық болмас.
Бейсбековтер өнер ордасына бас сұға қалсаңыз ғажайып бір ертегі әлеміне еніп кеткендей күйде болатыныңыз анық. Өйткені мұнда ұлттық киімдерден бөлек кәдесыйлар, ер тұрман, сөмкелер, әшекей бұйымдар көздің жауын алады. Жүннен және жіптен тоқылған дүниелерінің өзі бір төбе. Бұған дейін Бейсбековтер отбасы Германия, Түркия, Үндістанда Ресейде халықаралық көрмелерге қатысқан. Қазақ қолөнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген Бейісбековтер отбасы қандай мақтауыңызға да лайық. Бүгінде жасап шығарған ұлттық өнімдері әлемнің озық брендтерінен бірде кем емес. Тіптент артық десе де болады. Бүгінде Шымкенттегі «Риксос Хадиша» қонақүйінің фоэесіне қойылған өнімдері шаң басып ұзақ тұрмайды, шетелдіктер аттай қалап сатып алып кетеді. Тағы бір артықшылықтары — кәсіптің көзін тапқан қатарластары нан тауып отырған нәпақа көзін құпия ұстаса Бейсбековтер отбасы қайта жеке галереяларында шеберлік сабақтарын өткізіп, өзгелерге үйретуден жалыққан емес. Бұл да болса ұлттық өнердің ұмытылып кетпей, ұрпақтар сабақтастығымен жалғасын тапса деген ізгі ниеттерінің басымдығы байқалып тұрады. Отандық бренд өнімдерді дәріптейтін «Халық маркасы» қазақстандық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылу жүйесі федерациясының тізіміне енген оңтүстікқазақстандық компаниялардың бірі. Бұл да тегін болмаса керек. Қолөнерге төккен тердің өтеуі болса керек. Ендігі мақсат Астанада келер жылы өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде ұлттық туындыларымызды әлем назарына ұсынып, қазақ қолөнеріне тәнті ету. Қаншама жыл еткен еңбектің, төккен тердің сынға түсетін кезі осы тұс. Әрине хас шеберлердің бұл жағынан алғанда қамшы салдырмасы анық….
Гүлжан КӨШЕРОВА