Созақ ауданындағы Келіншектау етегінде орналасқан Абай елді мекенінде XII ғасырға тән екі балбал тас табылды. Көне тас ескерткішті жергілікті тұрғындар Қаратау жазығындағы Арпа өзені бойынан байқаған. Ер мен әйелдің сұлбасы қашалып бейнеленген тас, орта ғасырдағы тарихтан сыр шертеді. Абай елді мекенінен 3 шақырым қашықтықта орналасқан Арпа өзенен ерекше тасты байқаған ауыл азаматтары жерден қазып алған. Көне ескерткіш шығысқа қарап орнатылған.Абай ауылының тұрғыны Жансәт Сейітов «Бір тастың ұшы шығып ерекше көрінді. Ауыл азаматтары жабылып көтеріп едік, жан-жағынан суреттер шыға бастады. Сонымен ол тасты бөлек қойдық. Дәл сол маңайдан тағы бір тас көрінді. Ол да жерден 3-4 см шығып тұр екен. Көтеріп едік, ол да қозғалмады. Абайлап қарасақ екінші бетінде суреті бар екен. Бізге оларды алу қызық болды», — дейді.Табылған жәдігерді аудан әкімі С. Полатов арнайы барып көріп, ерекше қорғауды тапсырды. Көне тас мұражай қызметкерлерінің қызығушылығын тудырып отыр. Олардың сөзінше, балбалтастар ежелгі түркі дәуіріне тән. Терең тарихтан сыр шертер құнды дүниені ғалымдар зерттеуге мүдделі. Балбал тас аудандық С. Қожанов атындағы мұражайда сақталатын болды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі