Оңтүстік Қазақстан облыстық Әзіл-сықақ театры жаңа маусымға аяқ басты. Күлкі ордасына айналған ұжымның өңір мәдениетінің мерейін асырып, салалы еңбек етіп келе жатқанына биыл – 10 жыл. Жаңа маусымның салтанатты ашылуын театрдың белді қызметкерлері, бүкіл қазақ еліне танымал «Шаншарлық» әртістер бастады. Әлқисса туындыны Айзат Бауыржанқызы тамашалап қайтты. Күлкі – жан азығы. Өмір дәруменін бойыңызға дарытатын бұл өнер ордасы өңіріміздегі немесе еліміздегі ғана емес, Орта Азиядағы жалғыз әзіл-сықақ театры болып табылады. Сатира мен комедияның басын біріктірген мұндағы әртістердің басты міндеті – халықтың езуіне қуаныш сыйлау болса, мақсаты — сол күлкі астарында қоғамның өзекті мәселесін көтеру. Ойға алған істі жүзеге асырып, өз аудиториясын қалыптастырған театрдың 10 жыл ішінде еткен еңбегі ерен, бөлісер жаңалығы да көп.МАҚСАТ АЙТЖАНОВ – ОБЛЫСТЫҚ ӘЗІЛ-СЫҚАҚ ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ «10 маусым – дөңгелек дата. Өзіміздің театрдың 5 жылдығы болғанда да кең көлемде атап өткен болатынбыз. Театрдың туған күнін 1 сәуірде атап өтпекпіз. Соған көп жаңалығымыз бар. Жаңа маусымға жаңа премьералар мен жаңа жобалар. Ал, оның барлығын түгел айтып, алдын-ала құлақтандырғым келмейді. Өз уақытында куә боласыздар». Жаңа маусым «Шаншар» әзіл-сықақ театрының директоры Уәлибек Әбдірайымовтың «Аралас-құралас» комедиясымен ашылды. Қойылым – кәріні де, жасты да тамырымен байлаған телефон дертімен күресуге негізделген. Қоғам дертін ащы әжуамен әшкере еткен әртістерге көрермен де дән риза. БЕКСҰЛУ КӨБЕШОВА – КӨРЕРМЕН «Уәлидің сықақ концертіне келіп отырмыз. Өзім оны бұрыннан танимын. Осы болады деген соң немерелеріммен бірге келіп отырмын. Ұнады». Он жылдығын орынды әзіл мен комедияға толықтырған өнер ордасының тағы бір маңызды жаңалығы – ЭКСПО-ға жол тартуы. Салалық театрдың 100-ге жуық әртісі халықаралық көрме төрінде өнер көрсетіп, Оңтүстіктің беделін асырмақ.
АЙЗАТ Бауыржанқызы