Астана-ЭКСПО алаңында Оңтүстік Қазақстан облысының мәдени күндері өтпек. Маңызды шараға Жұмат Шанин атындағы Облыстық академиялық драма театры да тастүйін дайын. Шығармашылық иелерінің көптігімен көш бастайтын қара шаңырақ Астана төрінде тарихи драманы сахналамақ. Ол – белгілі драматург Думан Рамазанның «Абылай ханның арманы» пьесасы. Спектакль көрермен сұранысымен, Облыстық мәдениет басқармасының ұсынысымен таңдалып отыр. Спектакль қазақтың соңғы ұлы ханы Кенесарының әкесі Қасымның дүниеге келуінен басталады. Қасым – Абылайдың ұлы. Жоңғар билеушісі Қалдан Сереннің туысы Топыштан туылған. Хан Абылай осы жақындық пен өзара келісім бар, жоңғар, орыс, қытаймен де дипломатиялық берік байланыста болған. Ордабасы төрінде үш жүздің басын біріктіріп, өзінің алғыр саясатының арқасында сыртқы жаудан елін қорғай білді. Өзге елдер алдында абыройын асырды. Қазақ бойындағы қайсарлық пен табандылықтың артында осындай рухты тұлғалардың барын ЭКСПО қонақтарына облыстық драма театр ұжымы тарихи пьеса арқылы көрсетпек. САЯ ҚАСЫМБЕК – Ж.ШАНИН АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ АКАДЕМИЯЛЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫ ӘДЕБИЕТ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ «Осы біздің қазағымыз не үшін осы күнді армандады. Қалай армандады? Қалай қол жеткізді? 5 Франциядай сыятын жерімізді ата-бабамыз кезінде жаудың тұяғын тигізбей қорғады. Сол аманат еткен жерге қалай иелік етіп келеміз? Соны көрсету мақсатымен осы қойылымды алып барамыз». ЭКСПО халықаралық көрмесіне драма театрдың 70-тен аса әртісі барады. Осыдан 2 жыл бұрын әйгілі режиссер Қуандық Қасымов сахналаған тарихи туынды 2 қыркүйекте Астана қаласының Жастар театрында қойылатын болады.Қайсыбір заман болмасын, тарих – патриотизмнің негізі. Рухани жаңғырудың алдында тұрған ел тарих жолында өшпес із қалдырған тұлғаларды үнемі үлгі етуі қажет. Бірлікпен ғана береке келетінін билігінде көрсеткен Абылайдай ұлы ханның рухына тағзым ету — әрбір ұрпақ парызы.
АЙЗАТ Бауыржанқызы