
Қазақ киноиндустриясында — жағымды жаңалық. Өңірімізде ғана емес, елімізде беделі зор «Сақ» киностудиясының жаңа туындылары көрерменге жол тартты. Оның бірі Күш атасы – Қажымұқан туралы анимациялық фильмі, екіншісі -балаларға арналған «Қалқанқұлақ» телехикаясы. Заманауи бағытта жарық көрген туындыларды қашан және қай арналардан тамашалай аласыздар? Айзат Бауыржанқызы тарқатып айтады. Қажымұқан – алып күшін ел абыройы үшін сарп еткен қазақтың тұңғыш кәсіпқой балуаны. Тарихи тұлғаның өнегелі өмірін ұрпаққа насихаттау – еерлікті, елдікті дәріптеудің бір жолы. Бұл — танымал да талапшыл «Сақ» киностудиясы үшін сәтті шыққан жұмыстың бірі. 25 минуттық анимациялық фильмді 25 адам 3 ай мерзімінде бітірді. «Қалқанқұлақ» қазақ фольклорын жаңа қырынан танытады. Ондағы оқиғалар алыстан алынбаған. Өзіміз естіп, өскен – ертегілер. Көпсериялы туынды төл әдебиетіміз бен киноөндірісіміз үшін ғана олжа емес. Ол бас кейіпкер Ерсұлтан сияқты таланттардың киноиндустриядағы талабын шыңдады, алғашқы қадамын ширатты. Тұсауы кесілген жаңа туындыларды отандық бас арналардың барлығынан да тамашалай аласыздар! Нуриддин Патеев — «Сақ» киностудиясының директоры «Ерекшеліктер мен қызықтар әр түрлі кейіпкерлерді табуында болды. Ертегілер аурасын беру керек болды. Оларға рөліне сай киім табу. Ал, мыстанның үйін өз қолымызбен салдық. Ал, «Таусоғарды» Алматыдан шақырттық». Қазақ фильмінің өркендеуіне қомақты үлес қосып отырған «Сақ» киностудиясы – бүгінде Оңтүстіктің төл бренді. 50-ден аса туындыны жарыққа шығарған шығармашылық топтың жыл санап еңбегі еселеніп, беделі артуда. Елдің рухани жаңғыруын ойлаған өнер иелеріне тек қана сәттілік тілейміз!
АЙЗАТ Бауыржанқызы